Әулиекөлдегі инсульт орталығы: өрттен кейінгі көмек ұзақ мерзімді медициналық жобаға айналды
2022 жылғы қыркүйекте Қостанай облысының Әулиекөл ауданында болған ауқымды табиғи өрт 43 мың гектар аумақты шарпыды. 91 тұрғын үй жойылып немесе зақымданып, 2 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Апат салдарын еңсеруге қолдау көрсету үшін Болат Өтемұратов Қоры Қостанай облысына 1,1 млрд теңге бөлді.
Оның 1 млрд теңгесі Әулиекөл аудандық ауруханасының базасында инсульт орталығын құруға, заманауи медициналық жабдықтар сатып алуға және қажетті инфрақұрылымды жаңартуға бағытталды.
Бүгінде орталық Әулиекөл, Наурызым және Қарасу аудандарының тұрғындарына инсульт кезінде қажетті диагностика мен емді жергілікті жерде алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін ауыр жағдайдағы пациенттерді тексеру және емдеу үшін Қостанай қаласына жеткізу қажет болатын.
2023-2025 жылдары орталыққа инсультке күдікпен 651 пациент жүгінді. Орталықтың ашылуы аудандық аурухананың медициналық мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, жаңа мамандарды тартуға да мүмкіндік берді.
«Бұрын инсульт немесе жедел инфаркт алған пациенттерді қалаға жеткізетін болсақ, қазір өз деңгейімізде көмек көрсете аламыз. Инсульт бөлімшесі ашылғаннан кейін аурухананың штаттық кестесі өзгеріп, жаңа мамандар келді. Неврологтар саны артты, нейрохирург пен кардиологтар жұмысқа шақырылды», — деді Әулиекөл аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Темірхан Бегісбаев.
Қазір ауруханада компьютерлік томография және ангиография жүргізетін мамандар жұмыс істейді. Заманауи диагностикалық жабдық дәрігерлерге пациенттің жағдайын жедел бағалап, әрі қарайғы емдеу тактикасын анықтауға мүмкіндік береді.
Инсульт бөлімшесінің меңгерушісі Жан Бековтің айтуынша, компьютерлік томограф пен ангиографтың орнатылуы ауданда толыққанды инсульт бөлімшесінің жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік берген. «Осының арқасында көптеген науқас қажетті емді дер кезінде алып жатыр», — деді дәрігер.
Жоба тек медициналық жабдық сатып алумен шектелген жоқ. Инсульт бөлімшесі орналасқан ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ангиограф пен компьютерлік томограф орнатылған кабинеттер медициналық талаптарға сәйкес қайта жабдықталды.
Бөлімшеде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді инфрақұрылым жасалып, аумағы абаттандырылды. Сонымен қатар пациенттерге оттегі жеткізу жүйесі қалпына келтірілді. Енді ауыр жағдайдағы науқастар жатқан палаталарға оттегі тікелей беріледі.
Төтенше жағдайлардан зардап шеккен адамдар мен өңірлерді қолдау Болат Өтемұратов Қоры қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Қор жедел көмек көрсетумен қатар, апат салдарын ұзақ мерзімді перспективада еңсеруге және өңірлердегі өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін жобаларды қолдайды.
Әулиекөлдегі инсульт орталығы осы тәсілдің нақты нәтижелерінің бірі. 2022 жылғы табиғи өрттен кейін басталған жоба бүгінде үш ауданның тұрғындарына қажетті медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік беретін тұрақты медициналық инфрақұрылымға айналды.