31.05.2019

Қызылордада көпбалалы 100 отбасыға пәтер берілді

Көпбалалы шаңырақтарға арналған баспана Болат Өтемұратов қайырымдылық қорының қаржысына салынған.

Қызылордада тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға арналған 100 баспана пайдалануға берілді.

“Бәйтерек” ықшамауданындағы тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін 150 баспананың құрылысы бірнеше ай бұрын басталған еді. Оның 50 пәтері жергілікті қазына қаржысына салынған. Қалғанына Болат Өтемұратов қайырымдылық қоры қаржы бөлген. 100 пәтер қысқа мерзімде салынып, пайдалануға берілді.

Салтанатты жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Болат Өтемұратов қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмас Шарман қатысып, қоныстой иелерін құттықтады.

«Соңғы жылдары Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналып келе жатыр. 2013 жылы 230 мың шаршы метр баспана салынса, биылғы межеміз 800 мың шаршы метрге жетіп отыр. Төрт есе өскен. Қоғам қайраткері Болат Өтемұратовтың қаржылық демеушілігімен “Баламекен” жобасы аясында Қызылордада аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында және балаларды қорғау мерекесі қарсаңында 100 пәтердің құрылысы рекорд екі ай мерзімде салынып, пайдалануға берілді. Облыс бюджетінен қосымша 50 пәтерге қаржы бөлініп, құрылысы жүріп жатыр. Олар маусым айында беріледі», – деді Қырымбек Көшербаев.