Ақтөбе және Ақмола облыстарында 87 отбасы жаңа баспанаға ие болды
Кезекті жұмыс кезеңі барысында Ақтөбе қаласындағы 44 отбасы мен Көкшетау қаласындағы 43 отбасына пәтер кілттері тапсырылды.

Кезекті жұмыс кезеңі барысында Ақтөбе қаласындағы 44 отбасы мен Көкшетау қаласындағы 43 отбасына пәтер кілттері тапсырылды.
Болат Өтемұратов қоры көктемгі су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған қазақстандықтарға қолдау көрсету жөніндегі ауқымды жобаны жалғастыруда. Кезекті жұмыс кезеңі барысында Ақтөбе қаласындағы 44 отбасы мен Көкшетау қаласындағы 43 отбасына пәтер кілттері тапсырылды.
Ақтөбеде қоныстанушылар ауданы 65-тен 95 шаршы метрге дейінгі таза әрленген екі және үш бөлмелі пәтерлерге ие болды. Қор директоры Марат Айтмағамбетов аймақ тұрғындарына көмек көрсету үшін Ақтөбе облысының әкімдігімен тығыз байланыс орнатылып, жұмыс жүргізілгенін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – адамдарға қиын сәттерде қолдау көрсету, оларды лайықты баспанамен қамту және табиғи апаттан кейін қалыпты өмірге оралу үшін жағдай жасау. Қоныстанушылар өз пәтерлеріне тезірек кіріп, жайлы орналасады деп үміттенеміз», — деді Марат Айтмағамбетов.
Пәтерлердің бірі бұйырған Ерғон Оқасов Ақтөбе қаласындағы Қарғалы тұрғын ауданында орналасқан үйі су тасқыны салдарынан қатты бүлініп, қалпына келтіруге жарамай қалғанын айтып, «Жаңа пәтеріміз өте қатты ұнады. Қиын-қыстау кезеңде бізге көмек көрсеткендердің бәріне алғысымыз шексіз. Елімізде мұндай апат ендігі жерде ешқашан қайталанбасын» деді.
Марат Айтмағамбетовтің айтуынша, баспанасыз қалған ақтөбеліктерге жақын арада тағы 56 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қобда ауданында тамыз айында тапсырылады деп жоспарланған шамамен 150 үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Қор 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Ақтөбе облысындағы 400-ден астам отбасын баспанамен қамтуды жоспарлап отыр.
«Біздің басым бағытымыз – су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарының барлығын баспанамен қамтамасыз ету. Облысымызды табиғи апаттан кейін қалпына келтіруде белсенді көмек пен қолдау көрсеткені үшін Болат Өтемұратов қорына алғыс айтамыз», — деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Сондай-ақ Қор Болат Өтемұратовтың компаниялар тобына кіретін RG Gold компаниясы жұмыс істейтін Ақмола облысының тұрғындарына қолдау көрсетіп жатыр. Көкшетау қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге RG Gold компаниясының қаражаты есебінен 43 пәтер сатып алынып, тапсырылды. Жақын арада облыстағы тағы 24 отбасына баспана сатып алу жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, жалпы компаниялар тобы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 12,7 миллиард теңге қаражат бөлді: 10 миллиард теңге қайырымдылық қордан бөлінді; «Кар-Тел» және RG Gold компаниялары әрқайсы 1 миллиард теңгеден бөлді.