29.01.2026

Александр Винокуров аутизмі бар балалардың жаттығуына қатысты – «Аут» фильмінде көрінген кейіпкерлер

Жас спортшылар – режиссер Қанат Бейсекеев Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен түсірген аутизм туралы «Аут» деректі фильмінің кейіпкерлері.

Қазақстанның әйгілі спортшысы, Олимпиада чемпионы, сондай-ақ Болат Өтемұратов Қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Александр Винокуров Velolegend велоклубында жаттығатын аутизмі бар балалардың дайындығына барды.

Фильм аутистік спектрдегі бұзылысы бар балалардың өмірін, олардың спорттағы жолын, кедергілерді еңсеруін және қоғамдағы өз орнын табуға ұмтылысын баяндайды.

Қарбалас жұмыс кестесіне қарамастан, Александр Винокуров балалармен жеке кездесуге арнайы уақыт тауып, жаттығу барысын көріп, жас спортшылармен және жаттықтырушылармен тілдесті. Оның айтуынша, «Аут» фильмі оған ерекше әсер қалдырған.

««Аут» фильмі менің жүрегіме қатты тиді. Бұл балалар – нағыз күрескерлер. Олардың спорттағы жетістіктері, табандылығы мен өмірге деген сүйіспеншілігі зор құрметке лайық. Олармен жүзбе-жүз кездесіп, қолдау көрсету, жалғыз еместігін сездіру мен үшін өте маңызды болды. Спорт әлеуметтенуге және адамның мүмкіндігін ашуға үлкен жол ашады, ал мұнда оның іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқанын көргеніме қуаныштымын», – деді Александр Винокуров.

Жаттығуларды көп жылдан бері балалар мен жасөспірімдермен жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі бапкер Қайрат Халдыбек жүргізеді. Ол спорт арқылы балалардың физикалық қана емес, тұлғалық қабілеттерін де дамытуға көмектесіп жүр.

«Балаларымыз үшін бұл кездесу – үлкен оқиға әрі күшті мотивация. Александр Винокуров сынды тұлғаның келіп, қолдау көрсетуі оларға сенім мен жігер береді. Біз спорттың балаларды қалай өзгертетінін, оларды мықты, тәртіпті әрі бақытты ететінін көріп отырмыз», – деп атап өтті Velolegend клубының жаттықтырушысы Қайрат Халдыбек.

Қанат Бейсекеевтің «Аут» деректі фильмінің тұсаукесері 2026 жылдың қаңтар айында Астана мен Алматы қалаларында өтті. Бұл жобаға көрсетілген қолдау Болат Өтемұратов Қорының аутизмі бар балалар мен олардың отбасыларына көмек көрсету бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы болды. Қордың негізгі бастамаларының бірі – 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Аутизм. Баршаға ортақ әлем» бағдарламасы. Оның аясында Қазақстанның 12 қаласында 13 «Асыл Мирас» орталығы жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде 20 мыңнан астам бала мен олардың ата-аналары көмек алды.

«Біз үшін аутизм туралы жай ғана айту емес, балалар мен олардың отбасыларының жанынан табылып, қолдау мен сенім сезімін беру маңызды. «Аут» фильмі балалардың шынайы оқиғаларын, олардың жолын, армандары мен жетістіктерін көрсетіп, қоғамға оларды шын мәнінде көруге мүмкіндік береді. Александр Винокуровқа назар аударып, белсенді қатысып, балаларымызбен жылы жүздескені үшін зор алғысымызды білдіреміз. Бұл олар үшін үлкен шабыт әрі қабылданудың маңызды белгісі», – деді Болат Өтемұратов Қорының бас директоры Айнұр Қарібозова.