29.10.2025

Арал теңізі табанының экожүйесін жақсарту: Қазақстанда әлемдік маңызы бар жоба іске қосылмақ

Болат Өтемұратов қоры Арал теңізі табанының экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған экологиялық жобаны іске қосады.

Болат Өтемұратов қоры Арал теңізі табанының экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған экологиялық жобаны іске қосады. Бастаманың серіктестері қатарында Берклидегі Калифорния университеті, Қазақстандағы Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бар.

Арал теңізі әлемдегі ең ірі экологиялық апаттардың бірінің символына айналды. Оның аумағы 90 пайызға дейін тартылып, құрғаған табанынан улы шаңның көзі болып табылатын миллиондаған гектар сортаң жерлер пайда болды. Экологтардың бағалауы бойынша, ондаған миллиард тонна тұз шөгіп, ол желмен мыңдаған шақырымға ұшып, Арктика мен Гималайға жетеді. Улы заттармен және пестицидтердің қалдықтарымен қаныққан бұл шаң топырақты, суды, ауаны уландырып, көптеген елдерде миллиондаған адамдардың денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Болат Өтемұратов қорының пилоттық жобасы Арал түбінің экожүйесін ұзақ мерзімді қалпына келтіруге және Берклидегі Калифорния университетінің Е-seed инновациялық технологиясын жергілікті жерде тексеруге бағытталған. Ол биологиялық ыдырайтын материалға арнайы өздігінен көмілетін тұқымдарды отырғызатын дрондарды қолдануға негізделген. Бұл әдісті қолдану барынша тез әрі ауқымды көлемде көгалдандыруға қол жеткізуге, сондай-ақ тұқымды топыраққа неғұрлым тереңірек енгізу арқылы олардың жерсінуін арттыруға мүмкіндік береді. Технология еңбек шығындарын азайтқан жағдайда оларды жылдам отырғызуға және үлкен аумақтарды қамтуына мүмкіндік береді.

«Арал теңізі – ғаламшардың жан жарасы, оны елемеуге болмайды. Біз тұз бен улы шаңға қарсы тосқауыл жасайтын, адамдардың денсаулығын жақсартатын және бүкіл Жердің болашағына үлес қосатын жобаны іске қосып жатырмыз. Технологияның бірегейлігі – шөлдерді жасыл оазистерге айналдырып қана қоймай, сонымен қатар өртенген ормандарды қалпына келтіруге де, орман отырғызудың тиімділігін арттыруға да ықпал ете отырып, оны әлемнің кез келген нүктесінде қолдануға болатындығында», — деп атап өтті Болат Өтемұратов қорының директоры Айнұр Кәрібозова.

Пилоттық сынақ ретінде 1 гектар аумаққа тұқым отырғызу 2026 жылдың наурыз–сәуір айларында басталады. Ғылыми дәлелденген жерсіну көрсеткіштері 20 пайыздан жоғары болған жағдайда, пилоттық жобаның екінші кезеңі шеңберінде 2027 жылы Арал теңізінің 50 гектар құрғаған табанына тұқым себіледі. Эксперименттік жобаның құны 600 мың АҚШ долларын құрайды.

«Болжам бойынша және инновациялық E-seed технологиясын тиімді қолданған жағдайда, галофиттерді отырғызу Аралдың құрғаған табаны экожүйесінің қалыптасуында оң өзгерістерге ықпал етеді. Атап айтқанда, топырақ құрылымын нығайту мен қалпына келтіруге, тәжірибелік аумақтан белгілі бір радиуста шаң мен тұздың таралу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. 2028–2029 жылдары биологиялық алуан түрліліктің артуы күтіледі: жәндіктер мен құстардың, ұсақ омыртқалы жануарлардың саны көбейіп, ауаның ылғалдылығының артуы мүмкін. Жобаның ұзақ мерзімді мақсаты – 2040 жылға дейін елу және одан да көп шақырым радиуста экожүйені тұрақтандыру, аймақтағы ауа температурасын бір-екі градусқа төмендету және микроклиматты жақсарту», – деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Рахат Құрманбаев.

Жоба 2024-2026 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) Қазақстанның төрағалығы шеңберінде жүргізіліп жатқан бастамалармен тығыз байланысты іске асырылуда. Бұл жоспар бойынша бір миллион гектардан астам тартылған теңіз түбін көгалдандыру қарасты