07.02.2022

«Асыл Мирас» аутизм орталығы Тараз қаласында жұмысын бастады

Бүгін Таразда аутизм спектрі бұзылған (АСБ) балаларды қолдау мақсатында жаңа «Асыл Мирас» аутизм орталығы ашылды. Тараз қаласы Болат Өтемұратов Қорының аутизм орталықтар желісі жұмыс істейтін Қазақстандағы оныншы қала болды. Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесе отырып ашылған орталық келесі мекенжай бойынша орналасқан: Асқаров к., 47, және жылына 300 балаға дейін қабылдай алатын болады.

Болат Өтемұратов Қорының «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бірегей бағдарламасының арқасында АСБ бар 11 мыңнан астам балаға және олардың отбасыларына жоғары білікті көмек көрсетілді. Орталықтардың мамандары аутизммі бар балаларға көмек көрсетудің ең тиімді әлемдік тәжірибесін Қазақстанда үздіксіз зерттеп, енгізумен айналысады.
«Таразда АСБ бар балаларға арналған арнайы орталықтың ашылуы олардың әлеуметтік интеграциясын жақсартуға ықпал етеді. Біздің мұғалімдерді ауданымызда тұратын АСБ бар балалар мен жасөспірімдердің өмір сүру сапасын жақсартатын аутизмді түзетудің озық әдістеріне үйретіп жатқаны үшін Болат Өтемұратов Қорына алғысымды білдіремін», — деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.


«Асыл Мирас» орталықтары АСБ анықтауға және әлеуметтік, сөйлеу және тұрмыстық дағдылардағы кемшіліктерді жоюға бағытталған алты бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Сабақтар Калифорния университеті мен АҚШ-тың Атланта қаласындағы Marcus Autism Center халықаралық сарапшылары әзірлеген технологияларды пайдалана отырып жүргізіледі. Әр бала жеке таңдалған бағдарлама бойынша үш айлық оқу циклінен өтеді. Орталыққа психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) қорытындысы негізінде 0 жастан 18 жасқа дейінгі балалар жазыла алады. Сабақтар тегін өткізіледі.
«Жеті жыл ішінде «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Курсты бітіргеннен кейін балалардың дағдылары орта есеппен 2 есе жақсарады. Біз әр ашылған орталықты мақтан тұтамыз, өйткені әрбір жаңа орталықтың артында балалары толымды және дербес өмір сүруге мүмкіндік алған мыңдаған қазақстандық отбасылардың шынайы тарихы жатыр», — деді Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.


«Асыл Мирас» орталығы — толық жабдықталған және АСБ бар балалардың білім алу қажеттіліктеріне бейімделген заманауи кеңістік. Барлық сабақтар ата-аналардың қатысуымен өтеді, осылайша оқыту тек балаларға ғана емес, сонымен қатар жақындарына да бағытталған.
«Біз «Асыл Мирас» бағдарламасының тиімділігі туралы бұрыннан естіп келеміз және енді балаларымыз туған жерінде тегін көмек ала алатынына қуаныштымыз. Мұғалімдермен кездесіп үлгердік, енді сабақтың басталуын асыға күтудеміз», — «Я особенный» қоғамдық қорының төрайымы Рашида Кәрімова өз ойымен бөлісті.