«Аз и Я»-ға 50 жыл. Алматыда Олжас Сүлейменов кітабының жаңа басылымы таныстырылды
«Аз и Я» кітабының жаңа басылымы Болат Өтемұратов қорының қолдауымен жарық көрді. 27 мамырда Алматыда Narxoz университетінде ХХ ғасырдың зияткерлік тарихындағы маңызды кезеңдердің біріне айналған туынды — Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабының жарық көргеніне 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған VII Халықаралық «Түркіславистиканың тууы» атты конференция өтті. Конференция Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Франция, Түркия, Қытай, Израиль, […]

«Аз и Я» кітабының жаңа басылымы Болат Өтемұратов қорының қолдауымен жарық көрді.
27 мамырда Алматыда Narxoz университетінде ХХ ғасырдың зияткерлік тарихындағы маңызды кезеңдердің біріне айналған туынды — Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабының жарық көргеніне 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған VII Халықаралық «Түркіславистиканың тууы» атты конференция өтті.
Конференция Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Франция, Түркия, Қытай, Израиль, АҚШ және Тәжікстаннан келген 30-дан астам танымал ғалым, жазушы, филолог және мәдениет қайраткерлерінің басын қосты. Сөз сөйлеушілер қатарында Нобель сыйлығына үміткер ақын Тимур Зульфикаров, француз тілтанушысы Катрин Пужоль (INALCO, Франция), «Аз и Я» симфония-концертінің авторы композитор Игорь Мациевский, академик Владимир Филиппов, «Ататүрік» орталығының директоры Низами Джафаров, сондай-ақ ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ, Ресей мен Әзірбайжан университеттерінің өкілдері болды.Шара аясында гуманитарлық ой-пікір мен мәдениетаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі үшін публицистика саласындағы Олжас Сүлейменов атындағы Халықаралық сыйлық табысталды.
Болат Өтемұратов қорының қолдауымен жарық көрген «Аз и Я» кітабының жаңа басылымының, 1970–80-жылдардағы мұрағаттық материалдар жинағының және «Простор» журналының осы туындыға арналған мерейтойлық нөмірінің тұсаукесері конференцияның шарықтау шегі болды.
Алғаш рет 1975 жылы жарық көрген «Аз и Я» кітабы батыл ғылыми-поэтикалық эксперимент болды. Бұл еңбекте Олжас Сүлейменов шумер сөздерінің түркілік этимологиясы туралы болжам ұсынып, «белгі археологиясы» деп аталатын жаңа әдіснаманы ұсынды, сол арқылы «түркіславистика» деп аталатын жаңа ғылымның негізін қалады.
Конференцияның ашылу және жабылу рәсіміндегі сөзінде автордың өзі жобаның тарихи маңызын атап өтті:
«Аз и Я — бұл менің бар сырын үнсіз қойнына бүккен ғасырлармен диалогым, ата-бабаларымыз қалдырған мән-мағына өрнектеріндегі белгілерді оқуға деген талпынысым. Бүгінде, 50 жыл өтсе де, бұл кітап әлі де мән-маңызын жойған жоқ. Себебі ол өткеніміз туралы емес, ол — уақыт тілі, тағдырларды байланыстыратын сөз туралы», – деді Олжас Сүлейменов.
Конференция аясындағы баяндамалар 1970-жылдардағы кітаптың цензура тарихынан бастап белгі философиясы мен «Аз и Я»-ның музыкалық көрінісіне дейінгі әртүрлі тақырыптарды қамтыды. Қатысушылар бұл кітапты тарихты, сәйкестікті және тілді қайта зерделеудің әдеби тәсілі ретінде дәуірдің символы деп бағалады.
Конференция соңында «Аз и Я» еңбегінде негізі қаланған ғылыми-зерттеу және гуманитарлық бағдарды болашақ ұрпақ үшін сақтаудың маңыздылығын атап көрсететін арнайы қарар қабылданды.