25.09.2026

Болат Өтемұратов Қоры қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 25 миллион теңгеден бөледі

Болат Өтемұратов Қоры Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетеді.

Сурет Маңғыстау облысы әкімдігінің сайтынан алынды
Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына 25 миллион теңгеден бөлінеді. Бұл қаражат қаза тапқандардың отбасыларына мемлекет тарапынан қарастырылған қолдау шараларына қосымша атаулы көмек ретінде беріледі.

Болат Өтемұратов қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде болды. Әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қазақстанда 25 қыркүйек Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.