24.11.2025

Болат Өтемұратов қоры Америка Сауда палатасының марапатын алды

Қазақстандағы Америка Сауда палатасы «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын іске асырғаны үшін «Денсаулық сақтау» санатындағы марапатты тапсыра отырып, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

Қазақстандағы Америка Сауда палатасы (Тhe American Chamber of Commerce in Kazakhstan) Болат Өтемұратов қорына «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын іске асырғаны үшін «Денсаулық сақтау» санатындағы марапатты тапсыра отырып, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

Жыл сайынғы AmCham марапаттау рәсімі 21 қарашада Астанада өтті. Лауреаттар тәуелсіз комиссияның дауыс беру нәтижелері бойынша анықталды.

Аутизм спектрі бұзылған балаларды (АСБ) ерте диагностикалауға және қолдауға бағытталған жоба жеке бастамалардың мыңдаған отбасылардың өмірін өзгертуге және инклюзивті қоғам құруға қабілетті екендігінің мысалына айналды.

«Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын Болат Өтемұратов қоры 2015 жылдан бері іске асырып келеді. Бүгінде Қазақстанда 12 қалада 13 «Асыл мирас» орталығы жұмыс істейді, осы уақыт ішінде 17 мыңнан астам бала мен олардың ата-аналары қолдау алды.

Барлық орталықтар психологтардың, дефектологтардың және мінез-құлық талдаушыларының күш-жігерін біріктіре отырып, заманауи халықаралық әдістемелерді қолданады және қызметті тегін көрсетеді. Қордың он жылдық жұмысы барысында бағдарлама аясында 300-ден астам маман даярланды, олар бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі «Асыл Мирас» аутизм орталықтарында еңбек етеді.

Қор өз жұмысына ерте араласудың халықаралық стандарттары мен дәлелді әдістемелерді енгізді, олардың тиімділігі АҚШ пен Еуропадағы зерттеулермен расталған. Бағдарлама құрамына ABA-терапия, JASPER, Денвердің ерте араласу моделі (ESDM) және дағдарыс жағдайларын басқару әдістемесі MCRR сияқты әлемдік деңгейдегі танылған модельдер кіреді.

Бағдарламаның басты мақсаты — АСБ бар балаларды және олардың отбасыларын қолдаудың тұрақты жүйесін құру, инклюзия мәдениетін дамыту және қоғамның хабардарлығын арттыру. Бағдарлама тікелей көмек көрсетуден бөлек, инклюзивті қоғамды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Қор оқу-ағарту науқандары, білім беру жобалары және ашық диалог арқылы даму немесе қабылдау ерекшеліктеріне қарамастан, әлем шын мәнінде бәріне бірдей деген идеяны алға тартады.

Болат Өтемұратов қоры мамандарды оқытуды және білім беруді жалғастыруда. Қазіргі уақытта ҰБОО (Астанадағы «Ұлттық балаларды оңалту орталығы) және «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы» секілді түрлі орталықтармен меморандумдар жасасты. Сонымен қатар, мектептер мен колледждердің мұғалімдері, логопедтер, еліміздің әр өңірінен келген ПМПК қызметкерлері АСБ бар балалармен жұмыс істеуде заманауи тәсілдер бойынша тегін оқытудан өтеді.

Қор Autism Friendly бағдарламасына бастамашылық жасады. Жобаның мақсаты — аутизм спектрінің бұзылысы бар адамдар үшін қолайлы және қолжетімді орта құру. Бағдарлама бойынша Алматы және Қызылорда әуежайларының қызметкерлері, сондай-ақ Air Astana авиакомпаниясының қызметкерлері оқу курстарынан өтті.

«Біз үшін бұл марапат инклюзия тақырыбының қоғам үшін барған сайын маңыздырақ болып бара жатқанын мойындау болып табылады. «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын бастаған кезде біздің мақсатымыз АСБ бар балалардың өздерінің әлеуетін ашуына және өздерін қабылдайтын әрі қолдайтын әлемнің бір бөлігі болуына көмектесу болды. Бүгін біз нақты өзгерістерді көріп отырмыз: мыңдаған отбасылар қолдау тапты, ал қоғам неғұрлым ашық әрі түсінікті бола бастады. Бұл бізге алға қарай жүруімізге шабыт береді», – деп атап өтті Болат Өтемұратов қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман.

AmCham-дің «Денсаулық сақтау» санатында танылуы бағдарламаның тек оның қатысушылары үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның бүкіл денсаулық сақтау жүйесі үшін маңыздылығын растайды. Қор жобасы мемлекеттің, бизнестің және қоғамның әлеуметтік міндеттерді шешудегі табысты ынтымақтастығының үлгісіне айналды.

Бұл Қордың AmCham-нен алған екінші марапаты: өткен жылы ұйым жүйелі қайырымдылық қызметі және Қазақстанның әлеуметтік дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қоғамға қызмет ету» аталымы бойынша сыйлыққа ие болған.