Болат Өтемұратов Қоры АСБ бар балалардың қауіпсіздігін арттыруға арналған SaqTag цифрлық сервисінің пилоттық жобасын бастады
Болат Өтемұратов Қоры аутизмі бар балалар жоғалған жағдайда оларды тезірек табуға және отбасыларымен байланыс орнатуға көмектесетін цифрлық білезіктерді енгізу бойынша пилоттық жобаны бастады. Жоба «Асыл Мирас» аутизм орталықтарының төртеуінде — Алматыда, Өскеменде және Астанадағы екі орталықта жүзеге асырылады. Пилоттық жоба сәтті нәтиже көрсеткен жағдайда Қор бұл бастаманы Қазақстандағы «Асыл Мирас» аутизм орталықтарының бүкіл желісіне таратуды жоспарлап отыр.
Жоба аясында шамамен 1000 бала NFC-чипі және QR-коды бар SaqTag білезіктерін алады деп жоспарлануда. QR-кодты кез келген смартфон арқылы сканерлеген кезде баланың шұғыл жағдайға арналған профиліндегі ақпарат қазақ және орыс тілдерінде ашылады. Деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ата-аналар баланың профилінде қандай ақпарат көрсетілетінін өздері таңдай алады. Атап айтқанда, баланың аты-жөні, жасы, жақындарының байланыс деректері, аллергиясы мен денсаулығына қатысты ерекшеліктері, сондай-ақ баламен қарым-қатынас орнату бойынша кеңестер көрсетілуі мүмкін.
Егер бала жоғалып кетсе, оны тапқан адам білезіктегі QR-кодты немесе NFC-таңбаны сканерлеп, әрі қарай не істеу керектігі туралы түсінікті нұсқаулық алады. Жүйе ата-аналармен телефон немесе WhatsApp арқылы байланысуға, сондай-ақ оларға баланың геолокациясын жіберуге мүмкіндік береді. Баланың профилі ашылған сәтте ата-аналарға бірден хабарлама келеді.
SaqTag цифрлық сервисін аутизмі бар баланың әкесі Дамир Мұқаналиев әзірлеген. «SaqTag жасау идеясына АҚШ-тағы бір әкенің оқиғасы түрткі болды. Кейін осындай цифрлық шешімдердің Еуропада да отбасыларға көмектесіп жүргенін білдім. АСБ бар баланың әкесі ретінде мені де: “қандай да бір жағдайда қызым өз атын айта алмаса немесе көмек сұрай алмаса не болады?” деген ой жиі мазалайтынын жасырмаймын. Осылайша SaqTag пайда болды. Бұл біздің жағдайымызға бейімделген, барынша қарапайым, ыңғайлы әрі функционалды сервис», – дейді Дамир Мұқаналиев.

Пилоттық жоба үш айға созылады. Оның қорытындысы бойынша Қор сервисті пайдаланудың қолайлылығын және оның отбасылар арасындағы қажеттілігін бағалап, жобаны одан әрі кеңейту туралы шешім қабылдайды. «Асыл Мирас» аутизм орталықтары желісіндегі ата-аналар арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 88%-ы баламен байланысты жоғалтып алу мәселесін аса маңызды деп санайды, ал 96%-ы пилоттық жобаға қатысуға дайын екенін білдірген.
«Аутизмі бар балалардың көпшілік орындарда ата-анасынан көз жазып қалып, кейде адасып немесе жоғалып кететін жағдайлары кездесіп жататынын білесіздер. Даму ерекшеліктеріне байланысты олар мұндай жағдайда не істеу керектігін түсінбей, көмек сұрай алмауы мүмкін. SaqTag білезіктері осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға және балалардың қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі деп сенеміз. Пилоттық жобаның нәтижелерін бағалағаннан кейін бұл бастаманы «Асыл Мирас» аутизм орталықтарының бүкіл желісіне тарату мүмкіндігін қарастырамыз», – деп атап өтті Болат Өтемұратов Қорының Бас директоры Айнұр Кәрібозова.
Анықтамалық ақпарат
«Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын Болат Өтемұратов Қоры 2015 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Бағдарлама аясында Қазақстанның 12 қаласында 13 «Асыл Мирас» аутизм орталығынан тұратын желі құрылды. Осы уақыт ішінде 17 500-ден астам бала ғылыми негізделген тәсілдер бойынша тегін көмек алды.
SaqTag – қосымша орнатуды қажет етпейтін, NFC-чипі мен QR-коды бар білезік арқылы баланың ата-анасымен жылдам байланысуға мүмкіндік беретін қазақстандық цифрлық шешім. Толығырақ: saqtag.kz