03.11.2020

«Асыл Мирас» Аутизм Орталығында ашық есік күні өтті

Аутизм проблемасы, оның белгілері мен салдары туралы қоғамның хабардарлығын арттыру — осы мақсатта бүгін Болат Өтемұратов Қоры іске асыратын «Аутизм. Баршымызға бір әлем» атты бағдарламасының аясында «Асыл Мирас» Аутизм Орталығында Ашық есік күні өтті.

CDC (АҚШ Ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы) мәліметтері бойынша, соңғы жылдар ішінде бүкіл әлемде аутизм спектрінің бұзылулары бар (АСБ) диагнозы қойылған балалар саны артты. Егер 2000 жылы аутизм 150 баланың біреуінде анықталса, қазір 54 баланың бірінде анықталады. Қазақстанда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметінің (ПМПК) мәліметтері бойынша аутизм 3820 балада анықталды, дегенмен, халықаралық сарапшылардың пікірінше, АСБ бар балалардың нақты саны бұл көрсеткіштен айтарлықтай асып түсті. Мысалы, Орегон мемлекеттік университеттің (АҚШ) Аутизм институтының директоры, доктор Эрик Фон Боннның есептеулері бойынша біздің елде аутизм спектрі бұзылған 59 мың бала бар. Алайда, олардың көпшілігі дағдыларын тиісті деңгейде түзете алмайды.

«Аутизмдегі негізгі проблема — аутизм спектрінің бұзылуының (АСБ) белгілері мен салдары туралы азаматтардың хабардар болу деңгейінің төмендігі, сондықтан түзетуге мұқтаж балалар мамандар мен ата-аналардың тиісті назарынан тыс қалады. Алайда аутизм — ауру емес, қарым-қатынас, әлеуметтік өзара әрекеттесу және мінез-құлықтағы олқылықтарда көрінетін баланың ерекше даму жағдайы. Бұл кемшіліктерді көп жағдайда түзету қажет, және балаға АСБ диагнозы неғұрлым ертерек қойылса, соғұрлым түзету тиімді болады. Баланың және оның отбасының өмірін әдеттегі деңгейде ұстап тұру үшін, оны қажетті дәрежеде қатынас дағдыларына және дербестікке үйретуге болады. Сондықтан аутизм проблемаларына қоғам назарын аудару және жалпы хабардарлық деңгейін көтеру өте маңызды», — дейді Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.

«Аутизм. Баршымызға бір әлем» бағдарламасын  Болат Өтемұратов Қоры 2015 жылдан бастап жүзеге асыруда. Ол Қазақстанда АСБ бар балаларға көмек көрсетудің ең тиімді әдістерін зерттеуге және енгізуге бағытталған. Бағдарлама шеңберінде Қазақстанның сегіз қаласында (Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Петропавл) «Асыл Мирас» Аутизм Орталықтары құрылды. Олардың негізгі міндеті – АСБ-ын алғашқы кезеңде анықтау, балаларды әлеуметтендіру және оларда қажетті дағдыларды дамыту. Орталықтарда 7,5 мың бала диагностикадан өтті, 5,5 мыңнан астам бала бағдарламаларға тіркелді, олардың 4,3 мыңы оларды бітірді. «Асыл Мирас» Аутизм Орталықтары тегін жұмыс істейді.

«Біздің орталықтарда біз Калифорния университеті мен Атлантадағы Marcus Autism Center әзірлеген бағдарламаларды қолданамыз. Олар өз тиімділігін шетелде де, «Асыл Мирас» орталықтарында да дәлелдеді — оқудан өткен әрбір баланың дамуында ілгерілеу көрінеді», — дейді Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.

«Асыл Мирас» Аутизм Орталығы Ақтөбе қаласында 2018 жылдың сәуір айында ашылды. Мұнда 0 жастан 15 жасқа дейінгі АСБ бар балалар ерте диагностика, психологиялық-педагогикалық интервенция және әлеуметтік бейімделу бойынша барлық қызмет түрлерін алады, ал олардың ата-аналары балаларды оқыту бойынша қолдау, көмек және кеңестер алады. Орталықта алты интервенция бағдарламасы бар: «Ерте қолдау», «Қарқынды курс», «Джаспер», «Оқыту дағдыларын дамыту», «Өмір дағдыларын дамыту», «Әлеуметтік дағдыларды дамыту».

Екі жарым жыл ішінде Ақтөбедегі «Асыл Мирас» орталығында 500-ге жуық бала диагностикадан өтті, олардың 327 тиісті бағдарламаларға тіркелді. Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, 2019 жылы орталық аудандық орталық ауруханалар мен қалалық емханаларда балаларға арналған аутизм-скринингтік тестін (M-CHAT) өткізді. Скрининг 400-ге жуық баланы қамтыды, олардың 64-інде АСБ дамудың орташа қаупі, 42 – жоғары қаупі анықталды. Бұл балалар «Асыл Мирас» орталығындағы интервенция бағдарламаларына шақырылды.

«Халықтың хабардарлығы төмен болғандықтан, біз өткен жылы АСБ күдікті балалардың барлығы тексерумен бірдей қамтылмаған деп санаймыз. Жағдай қалыпқа келіп, коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеулер жойылғаннан кейін біз аймақтағы балаларды тексеруді жалғастырамыз. Балаларының дамуының артта қалуын байқаған ата-аналарды аудандық емханалардағы педиатрлармен байланысуға немесе біздің орталықта диагностикаға жазылуға шақырамыз. Есіңізде болсын — АСБ бар бала неғұрлым тезірек білікті көмек ала бастаса, оның болашақта толыққанды өмір сүруіне — білім, мамандық алуға, сүйікті ісімен айналысуға және өз отбасын құруға мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», — деп түсіндірді Ақтөбедегі «Асыл Мирас» Аутизм Орталығының жетекшісі Альмира Калимова.