10.09.2025

Елена Рыбакина Алматыдағы аутизм орталығына барып, балаларға қолдау көрсетті

Уимблдон чемпионы және Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы аясында Болат Өтемұратов қоры ашқан Алматыдағы «Асыл мирас» орталығына барды. Бағдарлама 2015 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді, ол аутизм спектрі бұзылған (АСБ) балаларға ерте диагностика жасауға және дамытуға бағытталған. Еліміздегі 13 орталық жұмыс істеген 10 жылдың ішінде 20 мыңнан астам бала мен […]

Уимблдон чемпионы және Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы аясында Болат Өтемұратов қоры ашқан Алматыдағы «Асыл мирас» орталығына барды.

Бағдарлама 2015 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді, ол аутизм спектрі бұзылған (АСБ) балаларға ерте диагностика жасауға және дамытуға бағытталған. Еліміздегі 13 орталық жұмыс істеген 10 жылдың ішінде 20 мыңнан астам бала мен олардың отбасылары тегін көмек алды.

Елена Рыбакина балалармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдері мен әдістемелерімен, соның ішінде бірлесіп көңіл аударуды, символикалық ойынды, эмоцияны реттеу мен әлеуметтік дағдыларды дамытуға бағытталған JASPER (Joint Attention, Symbolic Play, Engagement & Regulation) бағдарламасымен танысты.

Сапар барысында танымал теннисшіге Петропавл қаласындағы аутизм орталығының 11 жастағы тәрбиеленушісі Александра Гостяева салған сурет сыйға тартылды. Қыз бала Еленаның портретін шынайылықпен әрі жүрек жылуын төге отырып бейнелеген.

«Мен педагогтер мен мамандардың қолдау және сенім ахуалын қалыптастыра білетініне тәнтімін. «Асыл мирас» орталығындағы жұмыс әдістері балалардың қабілеттерін ашуға ойын мен көңіл аудару арқылы қалай көмектесуге болатынын көрсетеді. Бұл сыйлық үшін мен ризашылығымды білдіремін – оның бойында қаншалықты шынайылық пен символикалық мән-мағына жатыр», – деп, Елена Рыбакина әсерімен бөлісті.

Өз кезегінде Болат Өтемұратов қорының директоры Айнұр Кәрібозова былай деп атап өтті:

«Елена Рыбакина сияқты қайсар әрі шабыт беретін жанды қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе. Оның бізге келуінің қоғам үшін маңызы бар: ерекше қажеттіліктері бар балаларға назар аудару дегеніміз – инклюзивті болашаққа бастар жол. Мұндай кездесулер ата-аналарға жігер беріп, шабыттандырады, мамандарға қолдау болады және қоғамның көзқарасын өзгертуге, оны неғұрлым ашық әрі қабылдағыш етеуге ықпал етеді».