Болат Өтемұратовтың Қоры және Қазақстанның Қызыл Жарты айы Риддердегі ірі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетті
10 мамырдағы өрт кезінде үйлері өртеніп кеткен Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғындары Қазақстанның Қызыл Жарты айымен және Fortebank-пен бірлескен жоба аясында Болат Өтемұратов Қорынан жалпы сомасы 30 млн. теңгені құрайтын «Көмек карталарын» алды.

«Құжаттарды жинап жатқанымызда өрт бізден 30 метр қашықтықта болды. Біз тез көлікке отырдық та жүріп кеттік және алыстан бақыладық. Кенеттен шифер сықырлап, сынықтар ұшты. Біздің үй, содан кейін келесі және келесі үйлер өртеніп жатқанын түсіндік… »- деп еске алады Риддер тұрғыны Михаил.
Өрттің жалпы ауданы 288 гектар құрады, оның 273 гектары — орманды аймақ. Қызыл жарты айдың апатты жою тобы оқиға орнына жедел жетіп, жергілікті мемлекеттік органдардың көмегімен жағдайды және зардап шеккендердің шығынын бағалауды жүзеге асырды.
«Жергілікті атқарушы органдары тарапынан барлық эвакуациялық пункттер дайындалды, қонақ үй нөмірлері, сонымен қатар үш мезгіл тамақтандыру қамтамасыз етілді. Туыстарының үйінде тұратын тұрғындарға алғашқы қажеттіліктер мен киім түріндегі гуманитарлық көмек көрсетілді», — деп хабарлады Риддер қаласы әкімінің орынбасары Дуйсенбаев Данияр Бекказыулы.
Зардап шеккен отыз отбасының әрқайсысы номиналы 1 миллион теңгені құрайтын банк карталарын алды, ал көмектің жалпы сомасы 30 миллион теңгені құрады. Бөлінген қаражат адамдарға алғашқы қажетті шығындарды өтеуге және үйлер мен мүліктерін қалпына келтіруге көмектеседі.
«Қызыл Жарты Ай әрдайым төтенше жағдайлардың кез келген түріне әрекет етеді, және орын алған өрт жағдайында да өз қол ұшын берді. Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен барлық ресурстарымызды жұмылдырып, біз баспанасыз қалған адамдарға қажетті көмек көрсеттік. Болған қайғылы оқиға тағы да біздің отандастарымыздың ынтымақтастығы мен Қызыл Жарты Айдың түрлі сын-қатерлерге жедел жауап беруге дайын екендігін көрсетті», — дейді Қазақстан Қызыл Айының президенті Аргымбаев Еркебек Камбарович.
Ағымдағы жылдың басында «Көмек картасы» жобасы аясында Болат Өтемұратов Қоры еліміздің солтүстік облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай қолдау көрсетті, онда 1061 адамға жалпы сомасы 53 миллион теңгеден астам көмек көрсетілді. Бірлескен жоба 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келетінін еске сала кетейік. Осы жыл ішінде Болат Өтемұратовтың Қоры 9196 азаматқа жалпы сомасы шамамен 360 миллион теңгеге көмек көрсетті.