Болат Өтемұратов Қоры су тасқынынан зардап шеккендерге 400 млн теңге сомасына көмек көрсетті
Үйлері су тасқынынан бүлінген 4 мыңнан астам қазақстандық «Көмек картасы» жобасы аясында атаулы қаржылай көмек алды.

«Көмек картасы» – Болат Өтемұратов Қоры, Қазақстан Қызыл Айы және ForteBank-тің бірлескен бастамасы. Жоба табиғи және техногендік апаттардан зардап шеккен адамдарға дер кезінде қолдау көрсетуге бағытталған. 2022 жылы көрсетілген көмектің жалпы сомасы 400 миллион теңгеден асады.
Биыл су тасқыны бірден бірнеше аумаққа, соның ішінде әдетте қуаңшылық аймақтарға әсер етті. Мәселен, Маңғыстау облысында су 13 елді мекендегі 174 тұрғын үйді зақымдады. Мыңнан астам адам барлық заттарын тастап, үйлерін асығыс тастап кетуге мәжбүр болды. Болат Өтемұратов Қоры Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдауға 104 миллион теңгеден астам қаржы бөлді. Орта есеппен бір отбасына көмек мөлшері 600 мың теңгені құрады.
«Жаңбыр ұзақ емес, бірақ қатты жауды. Таңғы сағат 3-те су үйге кірді. Мұнда 8 адамбыз, кішкентай балалар да, мектепте оқитын баламыз да, қарт ата-аналар да бар. Соңғы сәтке дейін үйде болдық, көшеде су бір метрдей биіктікке көтерілді, сыртқа шығудың өзі қорқынышты болды. Таңертең бізді құтқарушылар эвакуациялады. Осы уақыт бойы жергілікті әкімдік ұсынған баспанада тұрдық. Өз үйімізге қайта алмаймыз– барлық едендерді алып тастауға мәжбүр болдық, электр қуаты істемейді, әлі күнге дейін қатты ылғалдың иісі бар», — дейді Жаңаөзен қаласының Рахат ауданының тұрғыны Райхан Танатова.
Түркістан облысында биылғы көктемде екі рет төтенше жағдай жарияланды. Алдымен су Қазығұрт және Сарыағаш аудандарының 6 ауылындағы 180 үйге кірді. Сонда «Көмек картасы» жобасы бойынша 1 115 адам көмек алған. Екі апта өткенде толассыз жауған жаңбырдан Қақпақ және Шарбұлақ ауылдарында тағы 141 үйді су басты. Қақпақ ауылының тұрғыны Ұланар Қалбированың айтуынша, ол жағдайдың қайталануынан қорқа бастады: «Үй мен ауланы ретке келтіруге енді ғана кіріскен едік, су тасқыны қайтадан басталғанда тез арада заттарымызды жинап, қызымызға қалаға баруға тура келді. Үйіміздің қандай күйге келгенін көрген сайын жылаймын. Сату үшін аулада таңқурай мен жүгері өсіретінбіз, енді ешқандай өнім де болмайды». Түркістан облысына көрсетілген көмектің жалпы сомасы 195 миллион теңгеден астам соманы құрады. Бұл ақшаға тұрғындар құрылыс материалдары мен жиһаз сатып алды.
Биылғы жылдың басында Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарының 1 000 астам тұрғыны су тасқынынан зардап шекті. Болат Өтемұратов Қоры бүлінген үйлерді қалпына келтіруге және қажетті заттарды сатып алуға 110 миллион теңгеден астам қаржы бөлді.
«Көмек картасы» жобасы 2018 жылдан бері жүргізілуде. Осы уақыт ішінде 13 мыңнан астам қазақстандық қаржылай көмекке ие болды.