05.06.2020

Болат Өтемұратов Қоры COVID-19 арналған бірінші автоматтандырылған зертханалық кешенді табыстады

Астанада халық арасында коронавирустың жылдам және жоғары дәлдікті ПТР-скринингін жүргізуге арналған алғашқы модульдік зертханалық кешен іске қосылды. Мобильдігімен, биоқауіпсіздіктің жоғары деңгейімен және зерттеу процессінің автоматтандырылғанымен ерекшеленетін бірегей зертхананы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне және Нұр-Сұлтан қ. әкімдігіне Болат Өтемұратов Қоры тегін тапсырды.

Қайырымдылық ұйымы медициналық зерттеулер өткізу, зертханалық талдауға арналған жабдықтар мен шығын материалдарын өндіру саласындағы халықаралық көшбасшы BGI компаниясынан 4 млн. АҚШ доллары жалпы сомасына екі зертханалық кешенді сатып алды. Екінші ұқсас кешен Алматы қ. орнатыла бастады.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов, қайырымдылық ұйымның негізін қалаушысы Болат Өтемұратов және Қордың Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман бүгін астаналық зертхананың тұсауын кесті.


«Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі елімізде коронавирус COVID-19 індетін тоқтату үшін аса зор күш салуда. Ол үшін көптеген адам және қаржы ресурстары жұмылдырылған. Бизнес те сыртта қалмай, індетті тез жою және қалыпты тұрақты тіршілік етуге қайту үшін өзінің бүкіл әлеуетін белсенді түрінде қолдануда. Болат Өтемұратов қорының жәрдемдесуі арқылы Қазақстан алдағы елдердің қатарында болып, коронавирус жұқпасын диагностикалау үшін ПТР (полимеразды тізбекті реакция) жүргізуге арналған «Huo-Yan» заманауи мобильді зертхана кешендерін ашқан. Бұл зертханалар зертханалық қызметтің қуаты мен әлеуетін, сондай-ақ зерттеулердің жүргізу жылдамдығын ұлғайтуға мүмкіндігін беретіндігін ескерткен жөн. Зертханаларда Ұлттық сараптама орталығы филиалдарының вирусологтары қатысатын болады, олар Қытай Халық Республикасынан келген BGI компаниясының мамандарымен оқытылған», — деді ҚР Денсаулық сақтау Министрі Елжан Біртанов.


Зертхана жұмыссыз адамдар, табысы аз азаматтар және көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, стационарға жоспарлы түрде жатқызылатын емделушілер, тыныс алу органдары, эндокриндік және жүрек-қан тамыр жүйелері ауыратын динамикалық бақылауда тұрған 50 жастан асқан емделушілер; індетке қарсы іс-шараларға жұмылдырылған арнайы контингент — әкімдіктердің қызметкерлері, еріктілер және белсенділер, күзет қызметкерлері; қарттар үйлерінде, интернаттық және басқа мамандандырылған мекемелерде орналасқан азаматтар; мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері сияқты адамдардың санаттары үшін тегін скрининг жүргізеді.
Зертхана ПТР-талдаудың барлық циклін жүргізу үшін толықтай жабдықталған. Кешен толығымен жоғары технологиялық жабдықтың және биологиялық материалды алуға, сақтауға және таңбалауға, полимераздық тізбекті реакция әдісімен зерттеу жүргізуге арналған құрал-саймандар жиынтығының 42 атауынан тұрады. Зерттеу процессі толықтай автоматтандырылған, нәтижесінде тестілеу жылдам, жоғары дәлдікпен өтеді және көп мамандардың қатысуын талап етпейді. Зертхананың қуаттылығы бір күнде 1000 талдауды құрайды және 5000 талдауға дейін арттыру әлеуеті бар, тест нәтижесі үш сағат ішінде дайындалады. Болат Өтемұратов Қоры әрбір зертханаға дереу іске қосылу үшін 30 мың тест жүргізуге арналған қажетті реагенттердің жиынтықтарымен қамтамасыз етті.


Кешеннің ауа тіреуіш құрылымы ішкі желдетудің және ауаны сүзгілеудің дербес жүйесі бар цилиндр пішінді үш үрлемелі модульден (мембрана) тұрады. Жүйе стационарлық зертханалардың өзінде болмайтын биологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай. Өндірушінің ұсынысы бойынша, жоғары дәрежелі тұрақтылық пен сақталу үшін кешен орынжайдың ішіне орнатылады. Нұр-Сұлтанда зертхананы орнату мекені ретінде «Қазақстан» СК, Алматыда —  «Атакент» көрме орталығы павильондарының бірі таңдалды. Қажет болса, бір апта ішінде зертхананың орналасуын өзгертуге болады.


«Басты міндеттердің бірі — COVID-19 шалдыққандарды мүмкінше анықтау, өйткені тәжірибе көрсеткендей, симптомсыз ауырғандар да бар екен. Егер карантиннің басында қалада жалғыз ғана зертхана болса, қазірде олардың саны алты болды, жақын арада тағы екеуін ашамыз. Бізге Болат Өтемұратов берген ПТР-скрининг жасайтын зертхана кешені тесттердің санын арттыруға жол ашады, ал ерте бастан анықталған пациенттер уақтылы медициналық жәрдем алатын болады, байланысушылар саны азаяды. Қолдау үшін алғысымды білдіремін», — деді астаналық әкім Алтай Көлгінов.
BGI өндірген зертханалық кешендер қазіргі уақытта Азия мен Еуропаның көптеген елдеріне жеткізіледі. Кешенді шешім коронавирусқа жаппай скрининг жүргізу үшін инфрақұрылым жасаудың әлемде туындаған жіті қажеттілігін қанағаттандыруға арналған. Алғаш рет жаңа әзірлеме BGI штаб-пәтері орналасқан Шэньчжэн қ. (ҚХР) екі ай бұрын ұсынылды.
«Мобильді кешендер коммерциялық зертханаларда коронавирусқа тест тапсыруға мүмкіндігі жоқ азаматтардың әлсіз санаттары үшін тегін жұмыс істейді. Бұл скринингтің қамтуын кеңейтуге, алғашқы кезеңде аурушаңдықты анықтауға, асқыну қаупін азайтуға және вирустың таралуын шектеуге көмектеседі. Осылайша, мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен әрекеті арқасында, індетті жеңеміз және оны тоқтатамыз», — деді Марат Айтмағамбетов, Болат Өтемұратов Қорының директоры.
Бұған дейін Болат Өтемұратов қоры Қазақстанда алғаш рет 200 млн. теңгеге 94 мың шұғыл-тесттерді елге әкеліп, Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырған. Коронавирусқа скринингтің мемлекеттік бағдарламасын қолдаумен қатар, Болат Өтемұратов «Верный капитал» компаниялар тобы арқылы Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған «Birgemiz» Қоғамдық қорына коронавирусқа қарсы әрекет және әлеуметтік-әлсіз халық топтарын қолдау үшін 1 млн АҚШ долларын аударды.