13.11.2019

Болат Өтемұратов Қоры «Баламекен» жобасының шеңберінде Арыстағы 100 отбасына үй сыйлады

Болат Өтемұратовтың Қайырымдылық Қоры «Баламекен» жобасының шеңберінде Арыстағы 100 отбасына арналған үйлердің құрылысын аяқтады.

Болат Өтемұратов жобаны іске асыруға шамамен 850 млн теңге (2,2 млн доллар) бөлді. Бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметовтың, Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетовтың және «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспановтың қатысуымен жаңа иелерге кілттер тапсыру салтанаты өтті.

«Баламекен» атауына ие болатын жаңа ықшамауданда таза әрлемесі, асүй гарнитуры, тұрмыстық техникасы, жанында 10 сотка учаскесі бар, толық абаттандырылған екі отбасына арналған «дуплекс» типті 50 үй тұрғызылды. Пәтерлер дереу қоныстану үшін дайын, ықшамаудан қалалық инфрақұрылымға қосылған, ішінде асфальтті автомобиль жолдары мен жаяу жүргінші тротуарлары тартылған, балалардың ойын алаңшасы орнатылған, учаскелерде және тротуарлардың бойында ағаш отырғызылған.

Жаңа баспана алушылар үстіміздегі жылдың шілде айында оқ-дәрі жарылысының салдарынан үйлері бұзылған арыстықтардың отбасылары, көп балалы мұқтаж отбасылар, толық емес отбасылар, жетімдер мен мүгедектігі бар адамдар болды.

Жоба Болат Өтемұратов Қорымен серіктестікте «Верный Капитал» компаниялар тобы, Түркістан облысының әкімдігі және «Түркістан» ӘКК-мен табысты ынтымақтастығының нәтижесі болды.

«Арыс тұрғындарының атынан Болат Өтемұратов Қорына және оның құрылтайшысына оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан кейін Арысты қалпына келтіруге қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдіремін», — деді Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов кілт тапсыру салтанаты барысында.

Ықшамауданның жаңа қоныстанушыларының бірі Жаңагүл Пашаева тұрғындардың ортақ пікірін білдірді: «Бұл жақсы аудан, тура қасымызда – қалалық дендропарк. Жоба бізге ұнайды, үйлер ұнайды, Болат Өтемұратов Қорына және Түркістан облысы мен Арыс қаласының әкімдіктеріне шын жүректен алғыс айтамыз!»

«Бүкіл Қазақстан Арыста орын алған оқиғаға күйзелді, еліміздің көптеген ұйымдары мен азаматтары қалаға және оның тұрғындарына қолдау көрсетті. Біз де қаланы қалпына келтіруге өз үлесімізді қосуды ұйғардық. Сондықтан біздің Қорымыздың құрылтайшысы баспанаға мұқтаж қазақстандықтар үшін үйлер тұрғызуға бағытталған «Баламекен» жобасын кеңейтуге және жалғастыруға шешім қабылдады. Жоба ағымдағы жылдың көктемінде Қызылордада басталған болатын, онда Қор бөлген ақшаға 100 тұрмысы осал отбасы үшін үйлер тұрғызылды. Өзіміз Қызылордада ие болған тәжірибені біз Арыста табысты қолданып, мемлекеттің және меценаттардың бірлесіп күш салуы әлеуметтік салада айтарлықтай позитивті әсер беретінін кезекті рет дәлелдедік», — деп атап өтті Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.

«Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов былай деді: «Біздің топ Болат Өтемұратов Қорымен ынтымақтастық етеді және құрылыспен байланысты әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда көмектеседі. Біз жобаның жылдам және сапалы орындалуға тиіс екенін түсіндік, сондықтан біздің мердігерлер қала және облыс әкімдіктерімен тығыз ынтымақтастықта тәулік бойы жұмыс істеді. Және біз оны мерзімінде аяқтаудың сәті түскеніне және Арыс тұрғындары суық түскенге дейін жарық әрі жылы үйлерге қоныстанатынына қуаныштымыз».

Болат Өтемұратов Қорының «Баламекен» жобасы 2019 жылдың наурыз айында Қызылордада басталған болатын, онда Қордың қаражатына 100 тұрмысы осал отбасы үшін үйлер тұрғызылды. Жоба ағымдағы жылдың шілде айында Арыс қаласында оқ-дәрі жарылысынан кейін осы қалада жалғастырылды.