Болат Өтемұратов қоры Мақтаарал ауданындағы су тасқыннан зардап шеккен 150 отбасыға үй сыйлады
Болат Өтемұратов қоры Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Мырзакент қаласында былтыр көктемде болған су бөгетінің бұзылуы салдарынан болған тасқын судан зардап шеккендерге арнап 150 үй салған. Бүгін үйлердің кілттері болашақ тұрғындарына ҚР вице-премьері Роман Скляр мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шукеевтің қатысуымен берілді.
 
						«Біздің акционер Болат Өтемұратов көктемде осында болған қиыншылыққа қазақстандық меценаттардың ішінен бірінші болып жауап берді. Ол апат салдарынан үйінен айырылған Мақтаарал тұрғындары үшін 150 үй салуға 6 миллион АҚШ долларын бөлді. Бұл аймақты қалпына келтіруге ең үлкен үлес және салынған үйлердің ең көп саны болып табылады. Жобаны жүзеге асыру барысында біз тек ең жақсы материалды таңдап, жұмыс сапасын қатаң қадағаладық. Пандемия мен карантиннің салдарынан туындаған барлық қиындықтарға қарамастан, төрт айдан кейін, көріп отырғанымыздай, біз тапсырманы орындадық. Айтпақшы, бізге өткен жылы Арыс қаласында жинақталған тәжірибе көмектесті, онда біз жарылыстардан зардап шеккен 100 отбасыға үй салдық », — деді «Верный Капитал» Компаниялар Тобының бас директоры Ерлан Оспанов.

Ауданы 100 ш. м. болатын үш бөлмелі үйлер Мырзакенттің жаңа, перспективалы ауданында салынған, мұнда үйлері бұзылған Достық, Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныстандырылды. Жаңа ықшам ауданға барлық коммуникациялар қосылды, балабақша мен мектептің құрылысы басталды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шукеев бүкіл елдің қолдауымен аймақ барлық қиындықтарды еңсергенін атап өтті. «Мақтаарал өңірінің тұрғындары мемлекеттік деңгейде қолдау алды. Ешкім де назардан тыс қалған жоқ. Бүкіл ел көмекке келді. Осында барлық қиындықтар артта қалып, сізді алдыда тек қуанышты және көңілді оқиғалар күтсін. Тағы бір рет сізді жаңа үйіңізбен шын жүректен құттықтаймын », — деді аймақ басшысы.
Жеңіс ауылының тұрғыны, төрт баланың әкесі жаңа қоныстанған Кенже Тілеубаев мамыр айының басындағы сол ауыр күндерді еске алады: «Екі күн ішінде бүкіл ауылды су шайып кетті, біздің үйден, көршілеріміздің үйлерінен ештеңе қалмады. Біз бәрінен айырылып, толықтай шығынға баттық. Міне, бүгін, бес айдан кейін, мені қуаныш басты. Біздің мемлекетке, халқымызға, бізге қиын кезде көмек қолын созып, көмектескен азаматтарға алғыс пен қуаныш басты».

Имантаевтар отбасы алғашқылардың бірі болып жаңа үйге қоныстанды. Бес баланың әкесі Талғат өз сезімін жасырмайды: «Елбасына, Президентке, әкімдерге, Болат Өтемұратовтың қорына, бізге қол ұшын созып, қолдау көрсеткендердің барлығына мың алғыс. Бізде, бүкіл елде тек қуанышты оқиғалар болғанын қалаймыз!».
«Қайырымдылық жоба Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп іске асырылды. Біз оған алғысымызды білдіреміз.  Бздің ынтымақтастық жеке бастама мен мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік проблемаларды бірлесіп нәтижелі шешудің сәтті үлгісі болды», — деді Марат Айтмағамбетов, Болат Өтемұратов Қорының директоры.
2019 жылы Болат Өтемұратов Қоры Қызылорда қаласында 100 көпбалалы отбасы үшін және Арыс қаласында жарылыстардан зардап шеккен 100 отбасы үшін тұрғын үй салуды қаржыландырды.  Жобаларға жұмсалған жалпы сома 1,3 млрд. теңге құрады.