Болат Өтемұратов Қоры Алматы қаласының Ботаникалық бағын қайта құру жобасының нәтижелерін қорытындылады
Қайта құрудан кейін 15 маусымда ашылу сәтінен бастап үш ай ішінде Алматы ботаникалық бағына 210 мыңнан астам адам келді. Салыстыру үшін — өткен онжылдықтағы келу деңгейі бойынша ең жоғары болған 2017 жыл ішінде бақшаға 50 мыңға жуық адам келді. Қайта құру жобасын жүзеге асырған Болат Өтемұратов Қоры мен Ботаника және фитоинтродукция институтының жетекшілері жаңартылған бақ жұмысының нәтижелерін шығарып, алдағы жоспарлары туралы айтты.

«Қайта құрудың аяқталуынан және салынған нысандарды Ботаника және фитоинтродукция институтына тапсырудан екіұшты сезіміміз бар», — деді Марат Айтмағамбетов, Болат Өтемұратов Қорының директоры, — Бір жағынан, біздің бүкіл команда баққа «бауыр басып қалды» және жобаның аяқталғанына өте қынжыламыз. Екінші жағынан, біз оны жүзеге асырып, алматылықтарға осындай керемет сыйлық жасағанымызға мақтанамыз. Бақшаның қонақтары бұл ерекше қорғалатын табиғи аймақ екенін ескереді және оған ұқыпты қарайды деп сенеміз. Осы қиын жазда, пандемия кезеңіндегі шектеулер кезінде, бақ мұнда отбасыларымен бірге таза ауада, шулы қаланың дәл ортасында орналасқан табиғат бұрышында уақыт өткізуге мүмкіндігі болған алматылықтар үшін жұбаныш орнына айналды».
Алматылықтар мен қала қонақтары Ботаникалық бақтағы жаңартуларды жоғары бағалады — қайта құрудан кейін оның серуендеуге арналған орын ретінде танымалдығы күрт өсті. Ол заманауи әдемі кіреберіс павильондарымен, жөнделген жолдармен және соқпақтармен, жаңа ағаштармен, гүлденген көпжылдық және шөптесін алқаптармен, аллеялармен, мөлдір суы бар тоғандармен, навигациялық тақталармен және белгілермен, бақша жиһаздарымен, мүгедектерге арналған инфрақұрылыммен, жолдарды жарықтандырумен әлдеқайда тартымды болды. Келушілерге әсіресе түрлі шөптер алқабы, үш тоған мен пергола, демалуға арналған шезлонгтар бар жаңа оңтүстік партер өте ұнады. Мұнда суретшілер үнемі пленэрлер өткізіп тұрады. Тағы бір қызықтыратын жер — Бас аллеяның басындағы тоған болды, онда аққулар мен 180 бастапқы үлгілері бірнеше рет уылдырық шашқан жапондық кои-тұқылар мекендейді, ал қазір олар ұрпақтарымен бірге үлкен колония құраған, бұл күтімнің тамаша жағдайларын көрсетеді. Павильондарда қонақтар бөлме өсімдіктерін және Ботаникалық бақтың бейнелемесі бар кәдесыйларды сатып ала алады.
Ғылыми-ағартушылық жұмыс Ботаникалық бақтың басты міндеті болып қала береді. Ботаника және фитоинтродукция институтының директоры Гүлнар Ситпаева жоспарларымен бөлісті: «Біз ғылыми қызметімізді кеңейтудеміз, атап айтқанда, біз Алматы мен елдің басқа да қалаларын көгалдандыру үшін перспективалы нысандарды, сорттарды және түрлерді анықтау мақсатында қайта құру аясында отырғызылған 500-ге жуық жаңа таксондарға интродукциялық талдау жүргіземіз. Жаңа ағаш-бұтақ тұқымдастарға, көпжылдық өсімдіктерді сынақтан өткіземіз, жеделдетілген көбею технологияларын әзірлеу бойынша тәжірибелік тәлімбақтарды құрамыз. Биотехнологиялық зертхана құруды, флорамызға молекулалық-генетикалық зерттеулер мен төлқұжаттауды жүргізуді, аннотацияланған тізімдер мен өсімдіктерді отырғызуға арналған нұсқаулықтарды және тағы басқаларды құруды жоспарлап отырмыз. Келушілердің бос уақытына келетін болсақ, біз оны қызықты және кең мәдени-ағартушылық бағдарламамен әртараптандырамыз. Жоспарға өсімдіктер жәрмеңкесін өткізу, үш тілде экскурсиялар жүргізу арқылы ғылымды насихаттау, үйрететін және дамытатын шеберлік сыныптарын енгізу, ашық аспан астындағы музыкалық кештер мен сурет көрмелерін ұйымдастыру кіреді. Институт сонымен қатар белсенді алматылықтардың арасынан еріктілермен жұмыс істеу бағдарламаларын әзірлейді. Келушілердің жайлылығын, тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін павильондардың күзет штаты мен әкімшілік қызметкерлер құрамы көбейтілді».
Алматы қаласының Ботаникалық бағын қайта құру жобасы 2018 жылы Болат Өтемұратов Қорының бастамасымен Ботаника және фитоинтродукция институтының тапсырысы бойынша басталды. Жобаның мақсаты — ботаникалық бақтың аумағының тұтастығы мен өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, инфрақұрылымын жаңартып, жасыл қорын ұлғайта отырып, оны мұқият қалпына келтіру. Оның жалпы құны 15 млн. АҚШ долларын құрады.
Қайта құру аясында баққа 174,3 мың жаңа өсімдік отырғызылды, оның ішінде сирек кездесетін түрлері мен эксклюзивті сорттары — 1300-ден астам жаңа ағаштар (қарағай, туя, шие, алма, алмұрт, қара өрік, емен, үйеңкі, қайың, жөкенің әр түрлі сорттары), 40 мың бұта, 130 мың дәнді және көпжылдық өсімдіктер, 3 мың раушан. Суармалау және суару жүйесі қалпына келтірілді — әрқайсысының өнімділігі сағатына 40 текше метр болатын екі жаңа артезиан ұңғымасы бұрғыланды, қолданыстағы екі ұңғыманың өткізу қабілеті сағатына 20-дан 25 текше метрге дейін ұлғайтылды, Керенқұлақ өзенінен тәулігіне 600 текше метр көлемде су алатын бастоған салынды, ұзындығы 13 шақырым болатын арық желісі жаңартылды , тамшылатып суару және авто-суару жүйелері салынды, алты тоған қалпына келтіріліп, қайта құрылды. Ботаникалық бақты заманауи, жайлы және экологиялық таза қоғамдық кеңістікке айналдыру үшін оның ашық аймақтары түбегейлі түрде қайта қаралды. Электрондық билет жүйесі, сыйлық дүкендері мен асханалар бар үш жаңа кіреберіс павильондары салынды. «Құрғақ» субұрқақ және су өсімдіктері бар тоған бар солтүстік партер жаңартылды, контур бойына сакура ағаштары мен гүлдер отырғызылды. Бақшаның «жоғарғы» бөлігінде, бос жер орнында үш тоған, пергола және түрлі шөптер алқабы бар оңтүстік партер құрылды. Ботаникалық бақтың бойында жолдар жаңартылды, олардың жалпы ауданы 50 мың шаршы метрден асты. Партерлерде және жолдардың бойында 250 жаңа орындықтар, 1500 төменгі жарықтандыру шамдары және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 130 бейнебақылау камералары орнатылды. Бақшаның аумағы бойынша оңай бағдарлау және өсімдіктерді зерттеу үшін навигациялық белгілер, ақпараттық тақталар және Android және iOS операциялық жүйелері үшін қол жетімді өсімдіктер коллекциялары бойынша ақпараттық нұсқаулық ретіндегі мобильді қолданба қарастырылған. Қозғалысы шектеулі адамдар үшін ботаникалық бақтың барлық аймақтарының қол жетімділігіне ерекше назар аударылады. Мүгедек арбаларына арналған ыңғайлы пандустар салынды, тактильді жолдар салынды, павильондарда арнайы жабдықталған дәретханалар бар.