Болат Өтемұратов қоры Аутизм жөніндегі жаһандық коалицияға кірді
Халықаралық платформаларға қосылу Қорға жаһандық байланыстарды нығайтуға, жинақталған тәжірибені бөлісуге және үздік шетелдік тәжірибелерді жинақтауға мүмкіндік береді.

Болат Өтемұратов қоры Аутизм жөніндегі жаһандық коалицияға кірді
Болат Өтемұратов қоры Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында өткен жоғары деңгейдегі кездесу аясында Катар қорының, Катар Мемлекетінің және Autism Speaks ұйымының бастамасымен құрылған Аутизм мәселелері жөніндегі жаһандық коалицияның құрылтайшы мүшесі болды.
Коалиция Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ), БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ), Autism Speaks ұйымының және Катар қорының қолдауымен құрылды. Ол бүкіл әлем бойынша аутизмі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және инклюзияны ілгерілету үшін жетекші сарапшыларды, зерттеушілерді, мемлекеттік көшбасшыларды және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Коалицияны құру аутизмге байланысты сын-қатерлерге жаһандық қарсылықты күшейтуге, ғылыми зерттеулер мен инновацияларды дамытуға ықпал етуге, саясатты үйлестіруге, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен мүдделерді қорғауды нығайтуға бағытталған.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, 80-нен астам елдің делегаттары, оның ішінде 30-ы денсаулық сақтау және сыртқы істер министрлері деңгейінде қатысты.
Болат Өтемұратов қорының директоры Айнұр Кәрібозова Қордың бастамаға қатысуының маңыздылығын атап өтті:
«Біз он жылдан аса уақыттан бері бүкіл еліміз бойынша аутизмі бар балаларға және олардың отбасыларына қолдау көрсете отырып, «Аутизм. Баршамызға бір әлем» атты ауқымды бағдарламаны жүзеге асырып келеміз. Біз үшін Аутизм мәселелері жөніндегі жаһандық коалицияға қатысу — қазақстандық тәжірибені халықаралық диалогқа енгізу және күш-жігерімізді біріктіру арқылы неғұрлым инклюзивті және әділ қоғам құруды жеделдету мүмкіндігі. Біз ресурстарымызды, сараптаманы және саяси ерік-жігерімізді біріктіргенде ғана әлемдік қауымдастықтың аутизмі бар адамдар үшін лайықты болашақты қамтамасыз ете алатынына сенімдіміз».
Болат Өтемұратов қоры Қазақстандағы денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы бірқатар әлеуметтік жобалардың бастамашысы және серіктесі болып табылады. «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және аутизмі бар балаларға тиімді көмек көрсету жүйесін дамытуға бағытталған. Бағдарлама ерте диагностика жасауға, мінез-құлықты түзетуге және дамытуға және аутизмі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған.
Осы жылдар ішінде еліміздің 12 қаласында 13 «Асыл мирас» аутизм орталығы ашылды. Орталықтар халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейді және ғылыми дәлелденген әдістер, соның ішінде қолданбалы мінез-құлықты талдау негізінде тегін қолдау көрсетеді. Барлық мамандар міндетті оқыту курстарынан өтіп, сертификаттау сынақтарынан өтеді. 25 мыңнан астам бала мен олардың отбасылары көмек алды.