12.12.2019

Болат Өтемұратов Қоры 2019 жылы қайырымдылық жобаларына 6 млрд. астам теңге бөлді

Болат Өтемұратов Қоры 2019 жылы өзінің қызметін кеңейтті. Қайырымдылық жобаларына бөлінген жалпы сома 6 миллиард теңгеден астам құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан алты есе көп. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өткен Қордың Қамқоршылар Кеңесінің қорытындылары бойынша баспасөз конференциясында жарияланды. Жыл қорытындыларын Қамқоршылар Кеңесінің мүшелері Алмаз Шарман, Олжас Сүлейменов, Жәния Әубакірова және Қордың директоры Марат Айтмағамбетов шығарды.

2018 жылы Болат Өтемұратов Қоры жобаларды әртараптандыру және өзінің қайырымдылық қызметін кеңейту стратегиясын қабылдап, оны өтіп бара жатқан жылдың барысында табысты іске асырды. Қамқоршылар Кеңесінің Төрағасы Алмаз Шарманның айтуынша, жалпы алғанда 2019 жылы Қор білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым, табиғи нәубеттер мен техногендік алапаттардан зардап шегушілерге қолдау көрсету, мұқтаж жандар үшін тұрғын үй құрылысы саласында тоғыз жоба бойынша жұмыс істеді.


«Аутизм. Баршамызға бір әлем» атты «Асыл Мирас» аутизм орталықтары желісін құру бойынша Қордың негізгі жобасы 2015 жылдан бері іске асырылуда. Үздік әлемдік әдістемелер бойынша дайындалған мамандар аутистік спектр ауытқулары бар балаларға қажетті  әлеуметтік, коммуникативтік, өмірлік машықтарды дамытуға көмектеседі. «2019 жылы «Асыл Мирас» орталықтарының саны сегізге дейін ұлғайды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Орал және Өскемендегі орталықтарға қосымша біз Шымкент пен Петропавлда жаңа орталықтар аштық. «Асыл Мирас» бағдарламаларына бес жылдың ішінде барлығы 6 мыңға жуық бала, олардың ішінде 2,5 мыңнан астамы тек 2019 жылы қабылданды. «Асыл Мирас» аутизм орталықтарының барлық қызметтері тегін», — деп атап өтті Шарман мырза.
Құрылтайшының шешімі бойынша 2019 жылы Қазақстан аймақтарында көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларына баспана салу бойынша «Баламекен» атты жобасы басталды. Қордың қаражатына Қызылорда қаласында 100 отбасына және Арыс қаласында 100 отбасына үйлер тұрғызылды. Үйлердің құрылысына бөлінген жалпы сома 1,3 млрд. теңгені құрады. «Бұл немқұрайды емес отансүйгіш азаматтардың туған мемлекетіне отандастарының өмірін жақсартуға көмектесетінінің жарқын мысалы», — деп атап өтті Қордың Қамқоршы кеңесінің мүшесі, ақын, жазушы-әдебиеттанушы, қоғам-саясат қайраткері, дипломат Олжас Сүлейменов.
Алдында жарияланған Алматыдағы Бас ботаникалық бақты қайта құру жобасы белсенді сатысына аяқ басты. Қазіргі сәтке қарай бақтың инфрақұрылымын жаңғырту, оның аумағын абаттандыру, жаңа өсімдіктер отырғызу бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетовтің айтуынша, жобаның басты принциптері өсімдіктерге күтіп қарау, сондай-ақ толық ашықтық және көлегейсіздік болып табылады. «Жоба әуел бастан әкімдіктің, әкімдік жанындағы қоғамдық кеңестің, БАҚ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдауда келісілген болатын. Биылғы жылы біз немқұрайды емес азаматтардан тұратын екі волонтерлік топ құрдық. Бірінші топ қайта құру бойынша жұмыстардың орындалуын қоғамдық бақылауды жүзеге асырады, екіншісі алдағы көктемнің барысында өсімдіктер отырғызумен айналысатын болады», — деді Айтмагамбетов мырза.
Қазақстанның Қызыл Ай қоғамымен бірлестікте Қор «Көмек картасы» жобасын іске асыруда, оның шеңберінде жылдың барысында Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарында тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсетілді. Жалпы сомасы 54 миллион теңге ақшалай көмекті 400 отбасынан астам, олардың қатарында үйлері зақымдалған адамдар, жалғыз басты зейнеткерлер, мүгедектер, жалғыз басты аналар мен көп балалы тұрмысы осал отбасылар алды. Сонымен бірге, Арыста жарылыстан зардап шеккен 2 мың адам 60 миллион теңге жалпы сомаға ақшалай көмек алды.
Еліміздің ең ірі қайырымдылық іс-шарасы – Burabike 2019 спорттық-музыкалық фестивалі өткен жылдардың барлық рекордтарынан асып түсті. Жаңа форматы мен кеңейтілген екі күндік бағдарламасының арқасында, іс-шараға 4 мыңнан астам адам қатысты. Қайырымдылық жарналардың сомасы 300,2 миллион теңгені құрады. Бұл ақшаға еліміздің аумақтарындағы медициналық мекемелерге өмірлік маңызы бар медициналық жабдық сатып алынады.
Екі жылдың барысында Болат Өтемұратов Қоры Батырхан Шүкенов атындағы Қордың орындаушының шығармашылық мұрасын сақтап қалуға және дамытуға бағытталған барлық жобаларына қолдау көрсетіп келеді. Олардың ішінде – Батырдың қазақ тіліндегі әндерінің ноталарын, оның барлық жеке шығармашылығы бар альбомдардың толық жинағын шығару, музыкалық жоғары оқу орындары мен мектептердің дарынды оқушылары үшін атаулы шәкіртақылар тағайындау, Батырхан Шүкенов атындағы музыкалық конкурс өткізу. Мыс үрмелі және соқпалы аспаптарда орындаушылардың ІІ Республикалық конкурсының гала-концертінен алған әсерін Қордың Қамқоршылар кеңесінің мүшесі, ҚР халық артисі Жания Аубакирова былай деп жеткізеді: «Мен қуанышты және ең жақсы әсерге толы болдым. Бұл үрмелі музыка саласында аспаптық орындаушылық үшін ұлы іс. Конкурс пен концерттің қалай жақсы ұйымдастырылғанын асыра бағалау қиын!»
2020 жылы Болат Өтемұратов Қоры қабылданған стратегиясын жалғастыратын және ағымдағы жобаларды кеңейтетін болады.