Болат Өтемұратов Қоры мен RAOUL Қазақстанда жаңа жобаны бастауда
Болат Өтемұратов Қоры Швецияның RAOUL Қорымен бірлесіп, Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылысы бар (АСБ) жастарға арналған сүйемелденетін жұмыспен қамту (Supported Employment) жүйесін дамытуға бағытталған жаңа ауқымды жобаның басталғанын жариялайды.
Жоба АСБ бар жастардың нақты жұмыс жағдайында табысты еңбек етіп, кәсіби тұрғыда дамуына мүмкіндік беретін сүйемелденетін жұмыспен қамтудың практикалық моделін қалыптастыруға бағытталған. Оның негізгі міндеттері – АСБ бар жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту, мамандардың кәсіби әлеуетін нығайту, сондай-ақ Supported Employment бойынша дәлелді және халықаралық деңгейде мойындалған тәжірибелерді қолданыстағы әлеуметтік қызметтер жүйесіне енгізу.
Жобаның бірінші кезеңіне АСБ бар жастар мен телекоммуникация, ритейл, қызмет көрсету, логистика және басқа да салалардағы жұмыс берушілер қатысады. Job-коучтер командасы жасақталып, қатысушыларға жеке бағалау жүргізіледі, сондай-ақ сүйемелденетін жұмыспен қамту экожүйесінің негізгі қатысушыларымен серіктестік байланыстары орнатылады. Пилоттық жоба Швецияның RAOUL Қорының әдіснамалық қолдауымен, сонымен қатар Beeline компаниясы мен Association of Social Innovators ұйымының қатысуымен жүзеге асырылады. Жоба қатысушылары нақты бос жұмыс орындарына сәйкес оқудан және кәсіби бейіндеуден өтіп, кейіннен ашық еңбек нарығында жұмысқа орналасады. Бір жыл бойы қатысушылар мен жұмыс берушілер жұмыс ортасына бейімделуге және АСБ бар жастардың кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған кәсіби қолдаумен қамтылады.
Болат Өтемұратов Қоры 2015 жылдан бері Қазақстанда аутизмі бар адамдар мен олардың отбасыларын қолдау жүйесін жүйелі түрде дамытып келеді. Елдің 12 қаласында жұмыс істейтін 13 «Асыл Мирас» аутизм орталығы 10 жылдан астам уақыт ішінде 20 мыңнан астам балаға көмек көрсетті. Орталықтарда ерте араласудың алты құрылымдық бағдарламасы жүзеге асырылуда, бұл ұлттық деңгейде АСБ бар жандарға арналған қолжетімді әрі сапалы қызметтердің дамуына елеулі үлес қосты.
Жаңа жоба осы жұмыстың қисынды жалғасы болып табылады: ол қолдау аясын кеңейтіп, АСБ бар жастардың әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан өзін-өзі тануының келесі сатысын қалыптастырады. Жоба нақты жұмыс ортасында кәсіби және әлеуметтік дағдыларды ұштастыра отырып, болашақта тұрақты жұмыспен қамтылуға негіз қалайды.
«Біз үшін бұл жоба – Қазақстанда АСБ бар жандарды қолдау жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Орталық тәрбиеленушілері есейген сайын жұмысқа орналасу мәселесі өткір бола бастағанын көріп отырмыз. Біздің міндетіміз – аутизмі бар жастардың өз әлеуетін іске асыруына, ал жұмыс берушілердің ынталы қызметкерлер табуына мүмкіндік беретін орнықты модель құру», – деп атап өтті Болат Өтемұратов Қорының Бас директоры Айнұр Кәрібозова.
Халықаралық RAOUL Қоры серіктестік аясында жобаның методологиялық және оқытушы серіктесі ретінде әрекет етуде. Ұйым Supported Employment халықаралық стандарттарын жергілікті жағдайларға бейімдеуге көмектеседі, коучтар мен бейінді мамандарды оқытады, супервизияны қамтамасыз етеді, сондай-ақ мониторинг пен сапаны бақылау жүйесін құруға қатысады.
«Бұл серіктестік – жай ғана көмек көрсетуден мүмкіндіктер сыйлауға көшу. Болат Өтемұратов Қорымен бірлесе отырып, аутизмі бар жастар үшін тұрақты жұмысқа орналасу өмірдің шынайы әрі қолжетімді кезеңіне айналғанын қалаймыз. Сондай-ақ, бұл біздің Орталық Азиядағы жұмысымыздың маңызды бөлігі болмақ», – деді RAOUL Insamlingsstiftelsen Raoul қайырымдылық Қорының халықаралық серіктесі Михаил Кривонос.
Жобаны іске асыру барысында серіктестер нәтижелермен, практикалық тұжырымдармен және сәтті кейстермен бөлісуді жоспарлап отыр.
Ұзақ мерзімді перспективада жоба Қазақстанның өзге өңірлерінде ауқымдауға болатын сүйемелденетін жұмыспен қамтудың тұрақты моделін қалыптастыруды көздейді.