Қосшыдағы Комьюнити орталық EUROBAK-тың беделді сыйлығымен марапатталды
Болат Өтемұратов қоры бірден екі аталым бойынша EUROBAK-тың жыл сайын берілетін беделді Awards 2025 сыйлығының лауреаты атанды.

Болат Өтемұратов қоры бірден екі аталым бойынша EUROBAK-тың (Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығы) жыл сайын берілетін беделді Awards 2025 сыйлығының лауреаты атанды.
Қор «Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік» санатында көпфункционалды комьюнити орталықты салғаны үшін атап өтілді. Халықаралық стандарттар бойынша салынған ауқымды қоғамдық мәдени-спорт кешені 2025 жылдың наурыз айында барлық тұрғындарға есігін айқара ашты.
Орталықтың жалпы ауданы — 8,5 мың шаршы метр, бір уақытта ол 1000 адамға дейін қабылдай алады. Құны 20 миллион доллар болатын жоба қала тұрғындарына сыйға тартылып, әкімдіктің балансына өтеусіз берілді.
Комьюнити орталық спорттық, білім беру және демалыс кеңістігінен тұрады. Мұнда кинотеатр, дәріс, көрме және конференц-залдар, студиялар, коворкинг, үлкен кітапхана, көпфункционалды спорт залы бар. Алаңда футбол, баскетбол, волейбол, теннис, үстел теннисі, воркаут-аймақтар және серуендеу аллеясы үшін спорт алаңдары жабдықталған. Балалар үшін робот техникасы мен шахматтан бастап хореография мен қолданбалы қолөнерге дейінгі үйірмелердің түр-түрі қарастырылған. Ересектер үшін жұмыс, қарым-қатынас жасау және бос уақыт үшін ыңғайлы кеңістік бөлінген. Кіру тегін, ал сабақтар мен секцияларға қол жетімді бағамен қатысуға болады.
Барлық инфрақұрылым мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген. Жоба Қордың әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және Қазақстанның жергілікті қоғамдастықтарын қолдау жөніндегі бағдарламасының бір бөлігіне айналды.
«Біз қоғамның орнықты дамуы адамдар мен олар бір-бірімен кездесіп, үйренетін және шабыт алатын жерлерден басталатынына сенеміз. Қосшыдағы Комьюнити орталық — жай ғимарат қана емес, әр түрлі ұрпақтар үшін тартылыс нүктесі, ашықтық пен бірліктің символы. Біз жобаның EUROBAK-тың осындай беделді сыйлығымен марапатталғанына шын жүректен қуаныштымыз», — деп атап өтті Қор директоры Айнұр Кәрібозова.
Сондай-ақ Болат Өтемұратов қоры Аутизм туралы ақпараттандыру айына арналған ауқымды бағдарлама үшін де марапатқа ие болды. Науқан қоғамның аутизм спектрінің бұзылысы туралы хабардарлығын арттыруға, инклюзияны ілгері жылжытуға және АСБ бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Қор аутизм бағдарламасын 10 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырып келеді. Осы жылдар ішінде Қазақстанның 12 қаласында балаларға тегін көмек көрсететін «Асыл мирас» аутизм орталықтары ашылды.
Өткен жылы Болат Өтемұратов қоры Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін EUROBAK сыйлығымен марапатталғанын айта кету керек. 2024 жылы Қор Қызылордадағы жаңа әуежай терминалын салу жобасын іске асырғаны үшін марапатқа ие болды.