Батырхан Шөкенов атындағы стипендия иегерлерінің есімдері жарияланды
Олар — екі жоғары оқу орнының және екі мамандандырылған музыка мектебінің оқушылары.

Батырхан Шөкенов атындағы Қоғамдық қор Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен 2019-2020 оқу жылына арналған Батырхан Шөкенов атындағы стипендия иегерлерінің есімдерін жариялайды. Олар мына төмендегі студенттер және үрмелі аспаптар бөлімшелерінің оқушылары: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның студенттері Құралай Мәлімбаева мен Алдияр Шәкенов (Алматы қаласы), Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының оқушысы Ажар Райымхан (Алматы қаласы), Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Меңсұлу Темірбекова мен Бақдаулет Жақыпов (Астана қаласы), сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетінің жанындағы мамандандырылған музыка мектебінің оқушылары Арина Серебренникова мен Кәмилә Исмағұлова (Астана қаласы). Жоғарыда аталған жоғары оқу орындарының студенттері 500 000 теңге мөлшерінде стипендия алады, ал мамандандырылған мектеп оқушыларына 250 000 теңге төленеді.
Іріктеу комиссиясының құрамына Батырхан Шөкенов атындағы Қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы, оның туған ағасы Бауыржан Шөкенов, Болат Өтемұратов Қорының өкілі Жәмиля Рымжанова, дирижер Қанат Омаров, сондай-ақ кларнетист Дамир Бүркітбаев кірді. Барлық қатысушылар өздері таңдап орындаған музыкалық туындылардың бейнежазбаларын ұсынды, сондай-ақ қазылар алқасының мүшелерімен сұхбаттасудан өтті. Осылайша, қазылар алқасы олардың орындаушылық шеберлігін, әртістігі мен уәждемесін толық дәрежеде бағалай алды. Финалдық кезеңге 8 адам қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Батырхан Шөкенов атындағы гранттар алғаш рет былтыр табыс етілген болатын. Ол кезде Құрманғазы атындағы консерваторияның бес студенті стипендияның иегерлері атанды. Биылғы жылы 2018 жылмен салыстырғанда гранттар саны екі есе артты: іріктеуге үш музыка мектебі қатыстырылды, олардың бірі Қарағандыда орналасқан.