12.05.2020

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы ботаникалық бағының қайта құру жобасымен танысты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарының барысында Бас ботаникалық бақта болып шықты. Мемлекет басшысы ботаникалық бақты қайта құрудың нәтижелерімен танысты. Жобаны 2018 жылы Ботаника және фитоинтродукция институтының сұрауы бойынша Болат Өтемұратов Қоры бастаған болатын.

Жобаның мақсаты ботаникалық бақты оның аумағының тұтастығы мен өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, инфрақұрылымын жаңғыртумен және жасыл желек қорын көбейтумен күтіммен қалпына келтіру болды. Оның жалпы құны 15 млн. АҚШ долларын құрады. Жобаны іске асыруға «Верный Капитал» Компаниялар Тобының үздік басқарушылары қатысты.


Ботаникалық бақтың ерекше мәртебесі мен қайта құру жобасына жұртшылық назарының жоғары деңгейін ескере отырып, Болат Өтемұратов Қоры әуел бастан оның толық ашықтығы мен көлегейсіздігін қамтамасыз етті. Қайта құру концепциясы мен кеңістікті дамыту жоспары 2018 жылдың жазында қоғамдық тыңдауларда жұртшылыққа ұсынылған болатын. Тыңдауларға қатысушылардың ұсыныстамалары мен тілектерін ескере отырып, сол жылдың күзінде қайта құрудың эскиздік жобасы ұсынылды. Төрт рет БАҚ, қоғамдық және экологиялық белсенділердің қатысуымен баспасөз турлары өткізілді. Өткен жылы, құрылыс жұмыстары басталардың алдында, жобаның жекелеген құрауыш бөліктерінің қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша бірнеше сатыда қоғамдық тыңдау өткізілді. Сонымен қатар, қайта құрудың барысы туралы Болат Өтемұратов Қоры БАҚ арқылы, сондай-ақ Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде арнайы құрылған беттерде («Бас ботаникалық бақты қайта құру» беттері) үнемі хабарлап отырады, онда кез келген пайдаланушының өзінің комментарийін қалдыруға, не болмаса сұрақ қоюға мүмкіндігі бар.


Жоба іске асырылған бір жылдың ішінде бақта электрондық билеттендіру жүйесі бар үш жаңа кіреберіс павильон тұрғызылды. 174,3 мың жаңа өсімдік, оның ішінде 1300 ағаштан астам, 40 мың бұта, 130 мың дақылдар мен көп жылдық шөптер, 3 мың раушан гүлі отырғызылды. Сумен жабдықтау жүйесі қалпына келтірілді және тамшылық су бүрку мен автоматты суару жүйелері жасалды. Ботаникалық бақтың қоғамдық аймақтары, соның ішінде 50 мың шаршы метр жолдар мен соқпақтар жөнделді және абаттандырылды, олардың бойында жарықтандыру және видеобайқау жүйелері орнатылып, бақ жиһазы жаңғыртылды. Солтүстік партерде жол жабыны табиғи таспен ауыстырылды, «құрғақ фонтан» және су өсімдіктері бар бөген жасалды. Алаңқайдың орнында үш тоған, пергола, алуан түрлі шөптер алаңы мен үйеңкі, жөке, қайың мен қарағай аллеялары бар оңтүстік партер жасалды. Бақтың картасы мен жасыл желек қорының сипаттамасы бар мобильді қолданба әзірленді. Ботаникалық бақтың барлық аймақтарының қимыл-қозғалысы шектеулі топтар үшін жетуге оңайлығына ерекше назар аударылды – арбашалар үшін ыңғайлы пандустар салынып, тактильді жолдар тартылды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылық пен сарапшылық қауымның тікелей қатысуымен іске асырылған жеке қайырымдылық бастамаға жоғары баға берді. «Осы бағытта әкімдік пен Болат Өтемұратов Қоры бірлесіп өте үлкен және, ең бастысы, маңызды жұмыс атқарды деп ойлаймын. Алматылықтарды осы территорияны сақтап, өз үйін ұқыпты ұстағандай ие болуға шақырамын және Ботаникалық бақ бұрыңғы кезеңдердегідей алматалықтардың ең жақсы көретін орындарының бірі болады деген ойдамын. Сіздерге сәттілік тілеймін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қайырымдылық қорының құрылтайшысы Болат Өтемұратов мемлекет басшысына көңіл бөлгені және жоғары баға бергені үшін алғысын білдірді. «Бұл жобаны іске асыруға біз тек бақтың жасыл желек қорын сақтап қалып қоймай, сонымен қатар оны көбейту, жаңа коллекциялармен байыту үшін барынша жауапкершілікпен қарадық. Аялап қалпына келтіру және алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалану – біз басшылыққа алған негізгі екі принцип. Біз қалаға өзіміздің сыйымыз – жаңғыртылған ботаникалық бақ – алматылықтардың көңілінен шығу үшін жан-тәнімізді салдық, мүмкін болғанның бәрін істедік. Бұл біздің қалаға деген сыйлығымыз, оны біз риясыз табыстап отырмыз – бақ мемлекеттің меншігінде қалып отыр және ғылыми қызметін жалғастырады», — деді Болат Өтемұратов.