07.12.2021

Алматыда Батырхан Шөкеновтың “Отан Ана” винил пластинкасы жарық көрді

Батырхан Шөкенов атындағы Қор және Болат Өтемұратов Қоры сіздермен Батырхан Шөкеновтың “Отан Ана” альбомының винил пластинкасының шектеулі таралымының шыққанын қуанышпен хабарлайды.

“Отан Ана” альбомы алғаш рет 2002 жылғы 26 қазанда Алматы қаласында назарға ұсынылды. Содан бері өткен 19 жыл ішінде аса танымал альбомның музыкасы мен әндері өзінің құндылығы мен өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Батыр өзінің тұңғыш қазақша жеке альбомы туралы айтқанда, былай деген еді: «Қазір дискілерді сату өте қиын, өйткені бәрі Интернетке кетті. Дегенмен, біз коммерциялық мақсат қойған жоқпыз. Ең әуелі – музыка, қалғанның бәрі – содан кейін. Қуат Шілдебаевпен бірге жазылған “Отан Ана” альбомы – Отанға арнау. Біз оны бір жарым жыл бойы жаздык, әр ән жүрегімізден туған. Бұл плакаттық патриотизм емес, бұл туралы айқайламай, жүрегің тулап айту керек. “Отан Ана” деп аталатын негізгі әнмен балаларды төсекке жатқызады, ол бесік жырына ұқсайды. Демек, біз өте маңызды бір нәрсені жеткізе алдық. Бұл әнді айтқан кезімде балам бірнеше айлық еді. Мен микрофонға жақындап бардым, сонда, әрине, ойымның бәрі тек ол туралы ғана еді, және, шамасы, бұл сезім әнді толтырды».

Тағы бір сұхбат кезінде Батырдан аса танымал «Отан ана» альбомындағы онымен аттас ән туралы мынадай сұрақ қойылған болатын:
«Әннің мәтінінен бөлек, оның музыкалық реңкі де өте терең. Бұл «палитраны» қалай таңдадыңыз?»
Бұған жауап ретінде Батыр ән музыкасының жазылу тарихын айтып берді:
«Аранжировкада, әннің ең басында дауылпаз – сарбаздарды туған жерін қорғауға шақыратын архаикалық дыбыс шығаратын алып барабан үні естіледі. Бұл дыбысты қосу ойыма қалай келді, нақты айта алмаймын. Бұл түпкі санамның бір жерінде болды. Қуат екеуіміз осындай барабан дыбыстарын бірнеше күннен бері іздеп, зор дыбыстық кітапхана ауқымын тыңдадық. Ұзақ уақыт пікір таластырдық. Ақыры тура сол барабандарды тауып алғанымызда, алғашқы «нобай» мен дағыраның алғашқы тактілері пайда бола салысымен, Қуат скрипкада ойнай бастады, бұдан былай оны аспаптан ажырату мүмкін болмай қалды. Біз бір апта бойы студиядан шыққан жоқпыз, бізді осынау қуатты энергия ағыны басып алды – осылайша бұл ән пайда болды. Бізге әдемі, дана, сыры белгісіз күшті энергия көмектесті! Бұл маңызды нәрсе: шығармашылыққа қалай дайын болу керек; не үшін және кім үшін екенін түсіну керек».

«Халық музыкасы – адамның негізгі ішкі өзегі, тұғырнамасы деп ойлаймын. Тіпті «А-студиода» алғашқы эксперименттеріміз басталған кезде де Мәскеудегі музыканттар менің дауысым мен орындау мәнерімнен халықтық мелизмалар сезілетінін айтатын. Шынымды айтсам, алғашында бұл маған түсініксіз еді. Бірақ Қуат Шілдебаев екеуміз қазақша альбом жазуға кірісіп, жұмыс істегенімізде, түгелдей халық музыкасын үйренуге беріліп кеттім» — деп Батыр альбомдағы әндердің халық әні сияқты естілетінін атап өтті.

Пластинканың дизайнын жасау үшін Батырхан Шөкенов атындағы Қор мен Болат Өтемұратов Қоры суретшілер мен дизайнерлер арасында байқау өткізіп, онда Алматылық графикалық дизайнер Гүлдана Тауасардың дизайн тұжырымдамасы жеңіске жетті. Гүлдананың өзі осы орайдағы жұмыс барысын былайша сипаттайды:
«Мен бұл альбомды өте ұзақ уақыт және соның ішінде конкурс болмаған кезде де тыңдадым. Батырдың әндері мен оның дауысы көпшілік көкейінде әлдебір сағыныш сезімімен байланысты деп ойлағанмын және қазір де сондай пікірдемін. Бұл бұрынғы заманға, көне Алматыға деген сағыныш, әндерін тыңдап отырғанда өткен-кеткен көз алдыңа елестейді. Әркімнің өз естелігi бар. Сондықтан мұқабаны жылы, бұрынғы кездегідей, сағыныш сезімін ұялататын етіп жасауға басты назар аударылды». Пластинка дизайнын жасау үшін Үстіртте Батырдың клипін түсіру кезінде Николай Постников жасаған фотосуреттер пайдаланылды. Гүлдана мұқабаға Батыр петроглифтері бар тасты ұстап тұрған кадрды орналастырды, өйткені оның пікірінше: «Бұл фото Батырдың туған жерге деген мол қамқорлығы мен сүйіспеншілігін көрсетеді».

Батыр шығармашылығының сахна сыртындағы болмысын түсірген Николай Постниковтың өзі оның еңбегі туралы былайша пікір білдірген еді:
«Батыр айналысатын ұлттық музыка бүгінгі музыка индустриясында жасалып жатқан дүниелерден әлдеқайда жоғары».

Болат Өтемұратов Қоры үшін бірлескен жобалардың білім беруге бағытталған құрамдас бөлігінің болуы маңызды. Қор директоры Марат Айтмағамбетовтың пікірінше, альбомның винилде қайта шығарылуы заманауи музыканың сапа стандартын көтереді: «Батыр шығармашылығының жаңа буын орындаушылар мен тыңдармандарға тигізер әсері зор екенін көріп отырмыз – олар одан шабыт алады, оған еліктейді. Батырдың туған жер, қарым-қатынас, махаббат туралы ойлары мен сөздері халық жадында өшпей сақталғанын, қол жетерлік болғанын қалаймын. Бәлкім, бұл пластинканы тыңдау жастар үшін «Отан Ана» альбомымен алғаш рет танысу болатын шығар. Олардың әйгілі композицияларды бірден тамаша сапада еститіні нұр үстіне нұр болады».

Пластинка 100 данаға тең шектеулі таралыммен шығарылды және оны 7 желтоқсаннан бастап Меломан Marwin, Книжный город дүкендері мен www.sentyabr.me маркетплейсінде сатып алуға болады.