02.04.2021

Дүниежүзілік аутизм туралы хабардар ету күнінде Болат Өтемұратовтың Қоры ерте диагностиканың маңыздылығы туралы еске салды

Аутизм, оның себептері мен белгілері туралы білімді жоғарылату аутизм спектрі бұзылған (АСБ) баланың және оның отбасы өмірінің сапасын едәуір жақсарта алады. Дүниежүзілік аутизм туралы хабардар ету күнінде «Асыл Мирас» орталығының мамандары ата-аналармен және оқытушылармен вебинарлар мен онлайн кездесулер өткізіп, уақытында көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы еске салады.

Аутизм әр түрлі жағдайларды біріктіретін қолшатыр диагноз болып табылатындықтан, аутизм спектрі бұзылған екі бірдей адам болмайды.  Және, егер кейбір көріністер — агрессия, ұйқының бұзылуы немесе сөйлеудің болмауы, ата-аналарды тезірек медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр етсе, басқа жағдайларда бала жай ұялшақ болып көрінуі мүмкін және уақыт босқа өтеді.


«Біз күн сайын ата-аналарға айтамыз: аутизм – бұл жаза емес.  Ия, АСБ бар көптеген балалар әлеуметтік өзара әрекеттесуде, тұрмыстық өзін-өзі күтуде немесе оқу дағдыларын үйренуде қиындықтарға тап болады.  Бірақ бүгінде өз тиімділігін дәлелдеген, жетіспейтін дағдыларды дамытудың әдістері бар.  Балада АСБ диагнозы неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым жұмыс нәтижелі болады, демек, заманауи қоғамда тәуелсіз және өмірге бейімделген адамды тәрбиелеу мүмкіндігі артады», — дейді Камила Лұқпанова, Болат Өтемұратов Қорының бағдарламалық менеджері.
Қазақстанда «аутизм» диагнозы 3 жастан кейін қойылады.  Алайда, әлемдік тәжірибеде ерте диагностикалау құралдары бар.  Мысалы, M-Chat бақылау парағы ата-аналарға баланың бастапқы диагнозын өз бетінше жүргізуге мүмкіндік береді.  Алайда, тест нәтижелері диагноз қоюға негіз бола алмайтынын, ұсынымдық сипатта болатындығын және білікті мамандардың тарапынан растауды қажет ететіндігін атап өткен жөн.
Ата-аналар мен отбасы мүшелері тәулік бойы баласының мінез-құлқын бақылай алатындықтан, АСБ алғашқы белгілерін есте сақтау қажет:
•    көзге қараудың, жауап күлімсіреудің және атымен шақырғанда реакцияның болмауы;
•    ым-ишараның шектеулі қолданылуы, меңзеу қимылының болмауы;
•    сөйлеу мен дыбыстың болмауы;
•    құрдастарына және бірлескен ойындарға деген қызығушылықтың төмендігі;
•    заттарды (ойыншықтарды) қатарға тұрғызуға ниет білдіру;
•    жағымсыз мінез-құлықтың көрінісі: агрессия, өз-өзіне агрессия, сұраныстарды орындамау;
•    дыбыстық тітіркендіргіштерге жоғары сезімталдық.

2015 жылы Болат Өтемұратовтың Қоры «Аутизм.  Әлем бәріне ортақ» бағдарламасын іске қосты, осылайша балалардың көбісі тәуелсіз және толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алды.  Бағдарлама аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Петропавл және Павлодар қалаларында тегін негізде жұмыс істейтін 9 «Асыл Мирас» аутизм орталықтары Қазақстанда ашылды.  Орталықтардың оқытушылары диагностика жүргізуге оқытылған, соның негізінде баланы дамытудың жеке жоспары жасалады.
«Асыл Мирас» аутизм орталықтарының 7 жыл жұмысы ішінде диагностикалық қызметке 15 жасқа дейінгі 8 мыңнан астам бала тіркелді.  Үш айлық бағдарламаны аяқтағаннан кейін, орта есеппен дағдыны меңгеру деңгейі 2 есе жақсарғанын бақылаймыз.  Бірақ, ең жақсы нәтижені жұмыс 5 жасқа дейін басталған балалар көрсетеді.  Сондықтан біз өз азаматтарымызды ақпараттандыруды жалғастырамыз, сенімді ақпаратпен бөлісеміз және әріптестермен және мемлекеттік құрылымдармен бірге талқылауды бастаймыз», — деп түйіндеді Камила Лұқпанова.