28.06.2019

Батырдың бүкіл жеке шығармашылығы бір жинақта шығарылды

Екі концерт, тоғыз музыкалық диск және бұрын шығарылмаған әндер Батырхан Шөкенов альбомдарының сый-тартулық топтамалық басылымына кірді. 28 маусымда ресми тұсаукесер болып өтті.

Жинақты Батырхан Шөкенов атындағы Қоғамдық қор Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен шығарды. Қаптамасының дизайнын Мәскеудегі Лебедев студиясы әзірледі.
«Бұл антологияның шығуы – музыканттың шығармашылығы мен өмірінің белгілі бір қорытындысын шығаратын екі жылға жуық еңбектің жемісі, – дейді Батырхан Шөкенов атындағы қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бауыржан Шөкенов. – Мұнда Батырхан өзі дайындап жүрген альбомдар, жанды дауыста орындалған концерттер, сондай-ақ бұрын жоспарларда, демонұсқаларда болып, ол қайтыс болғаннан кейін аранжирленген жазбалар бар. Әрине, бұл жинақтағы әр әнді тыңдап, айтып, басыңнан кешкен дұрыс, сосын ұзақ уақыт есте ұстап, жүрегіңде сақтау керек. Бұл әндер нағыз мейірім мен шынайылыққа, тыңдарманға деген орасан зор сүйіспеншілік пен құрметке толы».


«Қазақстандықтар және бүкіл әлемдегі өнерін қастерлеушілер жақсы көретін Батырхан Шөкеновтың барлық әндері енгізілген жинақ альбом өте керек еді және бәріміз де оны күткен едік. Сондықтан біздің қор аса бір ынтамен, ешқандай күмәнсіз оның шығарылуын қолдады. Біз ұлы Батырымыздың мұрасын сақтау мен тарату бойынша жобаға қатысқанымызды мақтан тұтамыз. Ол біздің қатарымыздан ерте кетті, алайда оның әндері әрқашан да бізбен бірге», – деп атап өтті Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
«Отан Ана», «Аманат», «Твои шаги», «Осторожно, милая девушка!», «Нас исцеляет любовь», «Все пройдет», «Душа» – басылымға енген, тыңдарман бұрыннан ұнатқан композициялар бар альбомдардың толық емес тізімі осындай. Музыкалық дискілермен қатар жинаққа Батырдың 2006 жылы және 2013 жылы Алматыда өткен концерттерінің жазбалары бар екі DVD кірді. Соңғы диск әртістің Нью-Йорк, Лондон, Рига мен Мәскеудегі әріптестері мен достарының қатысуымен жасалды.
«Басылымға екі концерт кірді. Екеуі де Республика Сарайындағы оның сүйікті сахнасында араларына 7 жылдай уақыт салып өткен болатын, бұл арада ол, әрине, өсіп-жетілді, өзгерді. Бірінші концертте оның қасында достары Далер Назаров, Севара Назархан, Владимир Пресняков болды, сол кезден қалған көптеген әңгімелер мен жеке хикаялар бар. Оның соңғы, мерейтойлық концерті – түрлі континенттердегі орасан зор ұжымның үлкен еңбегі: онда ол топтан кеткеннен кейінгі үлкен жолдың қорытындысын шығарып жатқандай, – деп түсіндірме береді Батырхан Шөкенов атындағы қордың директоры Наргиз Шөкенова. – Бұл жинақ – жеке орындаушылығын кезең-кезеңмен қарап шығу мүмкіндігі: біз шарықтау шыңдары мен жаңа өзгеріс кезеңдерін көреміз, эксперимент жасау әрекеттері, өзіне тән дыбысты іздеуі, әр түрлі авторлармен жұмыс істеуге деген ынтасы байқалады. Бұл басылым Батырдың жеке тұлғасының ауқымын, оның кәсіпқойлығын және өзіне өзі белгілеген жоғары межесін бағалауға мүмкіндік береді деп үміттенемін».

Батырдың шығармашылығындағы дүниелердің барлығы сияқты, сый-тартулық басылым да әдемі бір рәміздерсіз қалған жоқ. Мысалы, оған «Best» альбомы кірді, бұл альбомды жасау идеясын әртіс көптеген жылдар сақтап жүрген болатын. Альбомда жеке орындаушылық кезеңдері бейнеленген: әнші ол кезеңдерді іріктеп алынған композициялар арқылы көрсеткен, мұндағы санның өзі де кездейсоқ емес – 17 санының цифрларының қосындысы шексіздік ұғымын білдіреді.
Сонымен қатар жинаққа соңғы, әрі тыңдарман үшін жаңа «Күз» албомы кірді, оны әзірлеумен Батыр өмірінің соңғы жылында Мәскеудегі өз студиясында айналысқан болатын, бірақ аяқтап үлгермеді. Әндер ресейлік композитор Павел Есенинмен бірлестікте жазылған. Альбомның мұқабасын дизайнер Арыс Аренов Батырдың ұлы Мақсұттың қатысуымен жасады.
«Альбомның атауы Батыр қайтыс болғаннан кейін таңдалды. Бұл атау Батыр үшін жазылған алғашқы әнді еске салады. Ассоциативті жағынан бұл – жыл маусымы секілді тұрақтамайтын әлдене – деп түсіндіреді Батырдың тең продюсері Руслан Магомедов. – Бұл тереңнен ой елегінен өткізілген жұмыс болды, және де өте оңай жүрді. Жалпы, альбомды жасау барысында осы жұмысқа ат салысқандардың барлығы түгелдей өзара түсіністікпен және иық тіресе отырып еңбектенді. Есенинмен қайтадан жалғастырылған доспейіл бірлестік оның сипатын да айқындады: өзінше бір пәлсапалық әңгіме болып шықты. Бірнеше әнді аяқтауға үлгермей қалғанымыз өкінішті-ақ».
Қазір бұл альбом сый-тартулық басылымның құрамында «Меломан» дүкендер желісінде сатылуда, ал кейбір әндер «Яндекс.Музыка» және Apple Music алаңдарында бар. 28-ші маусымда, сағат 19:00-де Батырхан Шөкенов туралы деректі фильм Gakku TV арнасында және YouTube-тегі каналында көрсетіледі.