23.04.2026

Жәния Әубәкірова «Әуенмен сырласу» деректі эсселер циклін таныстырды

2026 жылғы 22 сәуірде Алматыда пианист, Қазақстанның Халық әртісі Жәния Әубәкірованың авторлық жобасы – «Әуенмен сырласу» деректі эсселер циклінің тұсаукесері өтті. Музыканттың ішкі әлемі мен орындаушылық өнер табиғатын арқау еткен жоба Болат Өтемұратов Қоры қолдауымен жүзеге асырылды.

«Әуенмен сырласу» – жеті бөлімнен тұратын деректі эсселер топтамасы. Онда орындаушылық өнердің болмысы мен музыканттың жан дүниесі кеңінен сөз болады. Жоба көрерменге концерт сахнасының сыртындағы құбылыстарға үңіліп, әдетте көпшілікке ашыла бермейтін кәсіби толғаныстарды тыңдауға сирек мүмкіндік ұсынады.

Циклдің өзегінде – халықаралық деңгейде танылған пианист, Қазақстан классикалық музыка кеңістігіндегі беделді тұлғалардың бірі Жәния Әубәкірова. Ашық әрі шынайы әңгімелерінде ол музыкалық орындаушылықтың мәнін пайымдап, оны өзіндік ішкі заңдылықтары бар көркемдік ақиқат ретінде ашады.

Фильмде әртістің физикалық және психологиялық күйі, сахнаға дайындықтың нәзік тетіктері, толқуды еңсеру жолдары секілді тақырыптар қамтылады. Әсіресе концерт үстіндегі ерекше көңіл-күй – шынайы музыкалық мазмұн дүниеге келетін энергетикалық ахуалға айрықша мән берілген.

«Әуенмен сырласу» – тек мамандық туралы әңгіме емес, музыка арқылы адам өзін де, әлемді де танитын терең тәжірибені зерделейтін туынды. Жоба деректі кино, авторлық ой-толғам және музыкалық үзінділерді бір арнаға тоғыстырады.

Сонымен қатар жоба Aubakirova Music Hub цифрлық платформасының іске қосылуына жол ашты. Қазақстанның музыкалық мәдениеті мен мұрасына арналған бұл платформаның YouTube арнасында циклдің толық нұсқасы 2026 жылғы 23 сәуірден бастап қолжетімді. 22 сәуір күні Алматыда өткен көрсетілімде көрермендерге жеті бөлімнің негізгі тұстарынан құрастырылған арнайы нұсқа ұсынылды.

Жәния Әубәкірова – Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, І дәрежелі «Барыс» орденінің, Францияның Өнер және әдебиет орденінің иегері, халықаралық беделді марапаттардың лауреаты. Ол – әлемдік сахнада талай жыл өнер көрсеткен ұстаз әрі мәдениет қайраткері.

«Бұл жоба Болат Өтемұратов Қоры миссиясымен үндес: біз мәдени мұра сақталып қана қоймай, жаңа мазмұнға ие болып, бүгінгі қоғамға жақындай түсетін орта қалыптастыруды көздейміз. Сол себепті дәстүр мен жаңашылдықты, жады мен тірі қабылдауды ұштастыратын бастамаларды жүйелі түрде қолдаймыз. Осы тақырыпқа арналған деректі эсселер циклі – соның айқын әрі мазмұнды үлгісі», – деді Қордың бас директоры Айнұр Кәрібозова.

Бұған дейін Қор Олжас Сүлейменовтың әдеби мұрасын және Батырхан Шөкеновтың музыкалық мұрасын сақтау бағытындағы жобаларды қолдаған. Атап айтқанда, «АЗ и Я», «Посол своей земли» және Олжас Сүлейменовтың 90 жылдығына орай «Книга поэм» қайта жарық көрді.

Қордың соңғы бастамалардың бірі – «Шәмші 100» жобасы. Оның мақсаты – ұлы композитор, қазақ музыкасының көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқов шығармашылығын халықаралық деңгейде дәріптеу. Жоба аясында композитор туындыларының цифрлық мұрағаты жасалып, 20 әні ағылшын және испан тілдеріне аударылып, «Мәңгілік махаббат әндері» атты халықаралық жинақ болып жарық көреді.